Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәлихатында Павлодар облысы бойынша фармация департаменті басшысының м. а. Әлия Шұғайыпова айтты.

- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес дәріханадан дәрілерді саудалау ережелерін бұзғаны үшін 70-тен 100 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған, - дейді Әлия Шұғайыпова. - Бұл ретте дәрінің дұрыс босатылуына жауапты адам жазаланады. Биылғы жылы бес әкімшілік материал толтырылған, оның біреуі дәрілерді саудалау ережесін бұзуға қатысты. Елімізде дәрілік заттарды рецептуралық өткізу ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы № 373 бұйрығымен бекітілген рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларымен реттеледі. Қазіргі уақытта дәрілік заттарды сату мәселесі 2009 жылғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексімен реттеледі.

Департаменттің ақпаратына сәйкес, 2019 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда дәрілік заттардың 7792 атауы тіркелген. Оның ішінде дәрігердің  6033-і рецепті бойынша (Қазақстан Республикасында тіркелген дәрі-дәрмектердің жалпы санының 77%-ы), рецептісіз – 1759-ы сатылады.

 Рецепт бойынша сатылатын дәрілік заттардың тізбесіне микробқа қарсы және гормоналдық препараттар, құрамында есірткі және психотроптық заттары бар, жүрек-қан тамыр аурулары, асқазан-ішек жолдары ауруларын емдеуге арналған дәрілік заттар және тағы басқалары кіреді.

Ал, дәрігердің рецептісіз бойынша дәрумендер, мұрынға арналған тамшылар, сироптар, шөптен жасалған шәй, суық тигенде қолданатын және ауруды басатын кейбір препараттар сатылады.

 - Бүгінгі таңда антибиотиктерді бақылаусыз қолдана беру салдарынан көптеген аллергиялық реакция туындауы мүмкін, - дейді Әлия Шұғайыпова. - Тіпті, бронх демікпесінің ауыр формасына әкелуі ықтимал. Бұдан басқа, антибиотиктер жүрек, бүйрек, бауыр ауруларына әкеледі. Бақылаусыз ішудің нәтижесінде ағзаның бұл препараттарды қабылдауын жойып жібереді. Бүгінгі таңда үш дәріхана жеке адамға арналған рецепт бойынша дәрілерді дайындайды. Бұрын олардың саны 10 шақты болатын. Егер дәрігер белгілі бір дәріні тағайындаса, міндетті түрде рецепт жазып беру керек. Дегенмен, кейде дұрыс толтырылмаған немесе формасы басқаша болатын жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай жағдайда фармацевтикалық ұйымдарға науқастың зардап шекпеуі туралы ескертеміз.

Айта кетерлігі,  Павлодар облысында барлығы  300-ге жуық дәріхана жұмыс істейді. Оның 70 пайызы облыс орталығында орналасқан.  

 Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам