Бұл жерде Павлодар қаласының әкімі Ануар Күмпекеев әр бейсенбі сайын тұрғындарды әртүрлі сұрақтары бойынша қабылдау жүргізеді.

- Мұнда тұрғындар алдын ала жазылмастан келе бере алады, - дейді Ануар Күмпекеев. – Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдар бір ғимаратта отырады. Кез келген уақытта әріптестерімізді шақырып, жедел шешім қабылдай аламыз. Осының арқасында тұрғындардың билік өкілдеріне деген сенімі арта түседі деген ойдамын. Мен болмаған жағдайда бұл кабинетте азаматтардың өтініштері туралы бөлімінің маманы өтініштерді қабылдай алады.

Алғашқы болып жүгінген көп балалы ана Алмагүл Шамшутдинова күйеуінің Қырғызстан елінің азаматы болуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек ала алмағанын айтады. 

- Бұл мәселемен жұмыспен қамту бөліміне барған болатынмын, - дейді ол. - Төрт балам бар, жолдасымның құжаттарының жоқтығына байланысты бермеді. Алиментке құжаттарды қабылдамайды.

Шаһар басшысы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Беляловаға қырғыз елінен құжаттарды сұратып алуды тапсырды.

- Егер жолдасы шетелдік болса, ішкі істер басқармасына қайда жүргенін анықтау үшін іздеу  салу туралы өтініш береміз, - дейді бөлім басшысы. - Бұл оның әрі қарай құжаттарын рәсімдеу үшін мүмкіндік береді. Іздеу жүріп жатқан уақытта комиссия АӘК тағайындау туралы шешім қабылдай алады.

Қаланың тазалығына алаңдаушылық білдірген Айгүл Қайырбаева өзі тұратын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 34/1 мекенжайы бойынша ауладағы айналасын қоқыс басып жатқан үш көлікжайды ретке келтіруді өтінді. Бұл жағдайға қатысты қала әкімі оның орналасуы заң аясына сай келе ме екенін анықтап, шара қолдануды жүктеді.

Айта кетерлігі, мұнда қала әкімінің орынбасарлары Саян Мұқанов - жұма, Аян Бейсекин - дүйсенбі, Ермұрат Нұрханов - сейсенбі және жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев сәрсенбі күні тұрғындардың өтініштері бойынша жұмыс істейді.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор, Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Ануар Күмпекеев, қабылдау