Бұл туралы агенттікке Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайының директоры Айбат Ыдырысов мәлім етті.

- Қаныш Имантайұлының 1960 жылы Қазақ ССР-нің құрылғанына орай  40 жылдық мерекесіне арналған мәжілісте және 1959 жылы КП-ның XXI cьезінде сөйлеген сөздері жаңартылған үлгіде жарыққа шықты, - дейді Айбат Ыдырысов. – Сондай-ақ, сол жылы геолог-ғалымның туыстары арасында отырған кеште өз орындауындағы халық әндері жиынтығы ұсынылып отыр. Мұндай игі іс Павлодар қаласындағы Шафер музейі ұжымының көмегімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында цифрландыру бойынша жүзеге асырылды.

Баянауыл ауылындағы академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы екі қабатты еңселі заманауи ғимаратта орналасқан. Мекеме қызметкерлері ғалымның өмір жолы мен еңбектерін халық арасында болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында нәтижелі еңбек етуде.

Академик мұражайында бұқаралық сипаттағы ауқымы кең әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп тұрады. Оның ішінде Сәтбаев оқулары, жыр мүшайрасы, «Түнгі музей» сияқты танымдық шараларды атап өтуге болады. Сондай-ақ, бүгінде мұражай әйгілі адамдармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер, сұхбаттар және білім беру бағдарламалары өтетін орынға айналған.

- Соңғы жылдары музей қоры бірегей экспонаттармен толықтырылып, жұртшылықтың қызығушылығын арттыруда, - дейді Айбат Ыдырысов. - Еліміздің түкпір-түкпірінен, жақын шет елдерден келушілердің саны артуда. Музей ұжымы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар қалаларында және облыс аудандарына көшпелі көрмелермен шығып, ғалымның ұрпаққа мирас болып қалған мұрасымен кеңінен таныстыруда. Оның ішінде ғалымның атындағы ғаламшар суреті, өзінің тапсырысымен жасаған геологиялық картасы, «Алгебра» оқулығы, «Қаныш және сұлу саз» кітабы,  домбырасы, минералдар, жұмыс каскасы, балғасы, пальтосы, кастюмі мен шалбары, аяқ киімі және тағы басқа экспонаттарды атап өтуге болады.

Айта кетерлігі, мұражай 1964 жылы аудандық мәдениет үйінде қоғамдық негізде қолданысқа енгізілген. Кейін 1967 жылы толықтай жеке ғимаратта  жұмыс  істей бастады. Бүгінгі күні мұражайдың негізгі қорында 1619 жәдігер бар.


Ақбота Сейсенбаева

Фото:   Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, мәдениет, Қаныш Сәтбаев, рухани