Кездесуде Болат Бақауов кәсіпкерлерге қызықтыратын барлық сұрақтарын қоюды ұсынды. Оның айтуынша, бүгінгі күні билік халықпен түрлі тәсілдер арқылы, оның ішінде онлайн режимде тілдесуге тырысуда. Алайда, Павлодар облысының кәсіпкерлерімен кері байланыс орнату үшін жеке алаңдар құруды жоспарлап отыр.

- Бізге шағын және орта бизнеске қалай көмектесуге болатыны туралы бір ғана сұрақ жүктелген, - деді өңір басшысы. – Сондықтан мен әрбір кәсіпкерге көңіл аударамын. ШОБ өкілдері белсенді және тиімді жұмыс жасауы үшін бізге не істеу керек екенін айтыңыздар. Біз жеке секторды қолдау мен ынтымақтастықтың барлық нұсқаларын қарастыруға дайынбыз. Сіздер кез келген сұрақты қоя аласыздар. Ал, біз жақын арада оларға жауап береміз.

Кәсіпкерлер бұл қарым-қатынастың форматын қолдады. Таңғы аста кездесу олардың көпшілігіне тек өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, әлеуетті серіктестермен жолығып, басқа кәсіпкерлермен де ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.

- Бизнес мұндай кездесулерге мұқтаж, - дейді «Ertis Business Association» кәсіпкерлер Ассоциациясының төрағасы Аслан Кунияров. – Өйткені, бізде мемлекеттік қызметкерлерге қоятын сұрақтар жиі болады. Сондықтан біз облыс басшылығының кәсіпкерлерге барлық есіктерді ашуға деген ұмтылысын толығымен қолдаймыз.

Іскерлік таңғы асқа жиналғандардың алдында Нұр-Сұлтаннан келген қонақтар сөз сөйледі. Олардың ішінде Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы басшысының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов болды. Оның айтуынша, бүгінгі күні жоғары өңделген өнімдер шығаратын кәсіпорындар экспортты өсіру үшін қолдау таба алады. Өңірдегі құбырлар мен кабельді өндірушілер шет елдерге өнім жеткізу үшін тасымалдау шығындарына 200 миллион теңгеге дейін өтемақы ала алады.

- Кәсіпкер веб-сайттарда немесе баспа беттерінде кез келген қолдау бағдарламалары туралы ақпарат көргенде, ол адамда қосымша сұрақтар туындайды, - деді индустрия және экспорт орталығының өкілі. – Сол себепті, біз бизнесмендермен түрлі мәселелерді талқылап алу үшін бұндай кездесулерді құптаймыз. Бетпе-бет кездесу әрқашан тиімді болып келеді.

Бір шыныаяқ шайдың үстінде бизнесмендер өз мәселелері туралы айтып берді. Мысалы, «Fresh Milk» ЖШС басшысы Олег Толмачев өндіретін сүт өнімдерін шет елге жеткізуді ұйымдастыра алмай жүргендігін мәлімдеді.

- Біздің компания 2017 жылы Гонконгтағы халықаралық көрмеге қатысты, - деді бизнесмен. – 2018 жылы біз Лондонға аттандық. Содан кейін шет елдік компаниялармен бірнеше келісімшартқа қол қойдық. Бүгін қайда болсын хабарлассақ та, құжаттарға байланысты түрлі кедергілердің кесірінен өнімдерді өзге елге жеткізуді бастай алмай отырмыз. Сыртқы нарыққа шығу үшін бізге көмек қажет.

Барлық қойылған сұрақтарға жауап беруге және мұқтаж кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге уәде берілді. Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі үш айда бір рет бизнесмендермен іскерлік таңғы аста кездесуге сөз берді.

Дулат Райымбек
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кәсіпкерлер, кездесу, бизнес