Байқауды «Мәшһүр Жүсіп» қоры мен «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастыруда.

«Мәшһүр Жүсіп» қорының президенті Ертай Жүсіпов Шоң би оқулары Мемлекетімізде тұңғыш рет өтіп отырғанын атап өтті.

- Шоң Едігеұлы туралы Қалмұхан Исабаев ағамыз «Шоң би» деген трилогия жазып кеткен, - деді Ертай Жүсіпов. – Деректі фильмдер түсірілген. Ал, оқулар ешқашан өтпеген. Сондықтан біз Абай оқулары, Махамбет оқулары сияқты өткізуді жөн көрдік. Өйткені облысымыздағы жастар қандай бабасы болғанын білсін дедік. Тұлғаларға зәру болып қалған заманда елі үшін жасаған қызметтері тәрбиелік жағынан үлгі болатындай. Жалпы, бұл шара оқушыларға ғана емес, халқымызға керек. Шоң би дегенде біз сол кездегі қазақтың болмысын, билер институтын, қазақ қоғамын, өмір сүру жағдайын көреміз. Не сот, не прокурор, не түрме болмаған заманда бәрін ұйымдастырған билердің институты еді. Қазір ақын, батырларды еске алу шаралары көбейді де, билердің рөлін төмендетіп алдық немесе кеш қолға алдық. Сол олқылықтың орынын толтырмақпыз. Билердің барлығы жастарға үлгі. Тұлғаларға қарап ұрпақ өмірде халыққа жаны ашитын азаматтар қандай болу керек, қандай ақыл айту, қандай шешім шығару керектігін тани алады.

Бүгінгі сайысқа облысымыздың аудан қалаларынан жеңімпаз атанып келген 50-ге жуық оқушы қатысуда. Оқушылар эссе жазу, тест сұрақтарына жауап беру және «Арнаймын жыр маржанын бабаларға» жас ақындар номинация бойынша сынға түсуде.

«Арнаймын жыр маржанын бабаларға» номинациясына қатысушы Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 8-сынып оқушысы Бексұлтан Қайдаров өзінің шағын жыр жинағын шығарып әкелген.

- Өлең жазуды 6-сыныптан бастап қолға алдым, - деді Бексұлтан Қайдаров. – Содан бері облыстық, республикалық мүшәйралар мен айтыстарда жүлделі орындарды иелендім. 50 шақты өлеңім бар. Соның 24-ін таңдап, осы байқауға «Жүрегімде жыр тұлпар жұлқынады» атты жинағымды шығарып келіп отырмын. Жинағым Шоң би бабамызға арнаған өлеңіммен басталады. Ол өлеңді жазу үшін көп іздендім. Интернет беттерін қарап, қаламыздағы «Отарқа» газетінің мұрағатынан Шоң биге қатысты жарияланған мақалаларды ақтардым. Еңбектің нәтижесі жақсы болады деген сенімдемін.

Айта кетейік, жас өрендердің білімі мен өнеріне өңіріміздегі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері төрелік етуде.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, байқау, оқулар, Шоң би, білім