Шоң бидің туғанына 265 жыл толуына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған облыстық оқуларда өңіріміздің қалалары мен аудандарынан іріктелген, білімі мен дарынын байқатқан жас талапкерлер бағын сынады.

Облысымыздағы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған қазылар алқасының шешімі бойынша «Тест сұрақтарына жауап беру» номинациясында Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылы №38 мектебінің 7-сынып оқушысы Шоң Абдуллин жеңімпаз атанды.

«Эссе жазу» номинациясында Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының 6-сынып оқушысы Ұлжан Төлеубай және «Арнаймын жыр маржанын бабаларға» жас ақындар номинациясында Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 8-сынып оқушысы Бексұлтан Қайдаров бас жүлдені жеңіп алды.

Шоң би оқуларын ұйымдастырушылардың бірі «Мәшһүр Жүсіп» қоры президентінің кеңесшісі Мейрам Нұғыман Шоң бидің қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі ерен екенін атап өтті.

- Бұл оқулар алғаш рет өткізіліп отыр, - деді Мейрам Нұғыман. – Сондықтан қатысушылардың көбі ел аузындағы деректерді қолданғаны көрінді. Ұйымдастырушы ретінде біз де қиын сұрақтар берген жоқпыз. Жалпы, Шоң би – тарихи болмысы бөлек тұлға. Сұлтандар «хан» тұқымынан болсын деген заңды бұзып, Баянауыл сыртқы округіне қарапайым қазақ арасынан алғаш аға сұлтан болған адам. Сондай-ақ жиырмасыншы ғасырдың 40-50 жылдары қазақ ғылымы дами бастады. Сол қазақ ғылымының басында баянауылдықтар көп болды. Оны көбі Баянауылдың табиғатымен байланыстырады. Табиғаттың бұған қатысы жоқ. Әйтпесе елімізде табиғаты керемет жер жетеді. Бұл содан 100 жыл бұрын өмір сүрген Шоң, Шорман билердің саясаты. Олар қабілетті қазақ балаларын орысша оқытқан. Соның нәтижесі уақыт өткеннен кейін бұрқ етіп, ел алдына шықты. Оны кейінгі ұрпағы да жалғастырды. Сол себепті, бұл кісінің қазақ үшін сіңірген еңбегі зор. Соған лайық ұлықталуы тиіс.

Еске салайық, Павлодарда еліміздің тарихындағы билерге арналған алғашқы оқу басталған болатын. Шоң би оқуларында 5-сыныптан жоғары 50-ге жуық оқушы бақ сынады.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, байқау, оқулар, Шоң би, білім