Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Қазақстанның сайлау туралы Конституциялық заңы бойынша сайлауға бір күн қалғанда және дауыс беру күнінде ешқандай насихат жүргізілмеуі керек. Сайлауалды штабтар мен сенімді өкілдер ешқандай шара өткізе алмайды. Ал көшелерге ілініп қойған үгіт плакаттары мен өзге де көрнекі ақпараттарды алып тастау міндетті емес. Ең бастысы, орны ауыспауы тиіс. Оны басқа жерге ілу заңбұзышылық болып есептеледі», - дейді заңгер Сәуле Амандықова.

Заң ғылымдарының докторы мұндай талап интернет-басылымдарға да қатысты екенін айтады.

«БАҚ бетінде немесе интернет-басылымда шыққан үгіт материалдарын да жою міндетті емес. Оның да бастапқы орны сақталуы керек. Яғни «тыныштық күніне» дейін бұрышта тұрған материал алдыңғы бетке шығып кетпеуі керек. Ондай әрекеттер сайлау туралы заңды бұзу болып саналады», - дейді маман.

«Заңгерлер әділ сайлау үшін» бірлестігінің хабарлауынша, «тыныштық күні» 7 маусымнан 8-маусымға қараған түнгі сағат 0.00-ден басталады. Осы сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша барлық үгіт-насихат шаралары тоқтайды.

Елімізде кезектен тыс президенттік сайлау алдағы 9 маусым күні өтеді. Президенттік лауазымға 7 кандидат үміткер.

pavlodarnews.kz

Тэги: