Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық сайлауалды штабы қаламыздағы «Астана» мұз сарайында өз кандидатын қолдау жөніндегі форум өткізді. Форум облыстың ірі кәсіпорындарының еңбек ұжымдары, бюджеттік сала қызметкерлері мен жастардың басын қосты. Іс-шараға жалпы саны үш мыңнан астам адам қатысты. Штаб мүшелері мен президенттікке үміткерлердің сенімді өкілдері қатысушыларды 9 маусымда болатын дауыс беруге қатысуға шақырды.

Іс-шараға қатысушылардың назарына Маржан Арапбаев сынды қазақстандық эстрада жұлдыздары ән шырқаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Әнші көпшілік сүйген әндермен қатар, жаңа туындыларымен көрермен көңілін баурап алды. Одан бөлек, концерт барысында павлодарлық өнер саңлақтары өз таланттарын паш етті.

Сонымен бірге, дәл осы күні «Ауыл» Халықтық-демократиялық партиясы Ленин кентінің мәдениет үйінде сайлаушылармен кездесу ұйымдастырылады. Төлеутай Рахымбековті қолдау жөніндегі штаб мүшелері де қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынады. Сонымен бірге, іс-шара барысында «Шаңырақ сазы» ансамблі қазақтың атақты күйлерін орындайды.

Айта кетейік, Орталық сайлау ҚР Президенттігіне жеті үміткерді белгіледі: Олар: «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәдібек Түгел, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол «Қазақстан демократиялық партиясынан» Дания Еспаева, «Ауыл» Халықтық-демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Төлеутай Рахымбеков, «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» ұлттық патриоттық қозғалысы қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.

Сайлауалды үгіт-насихат бүгін түнгі 00.00-де аяқталады. 8 маусым «Тыныштық күні» болып есептеледі. 9 маусым сайлау күні учаскелер таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-де жұмыс істейді.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: сайлау, президент, облыстық штабтар, үгіт-насихат