Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім беруді  дамытудың инновациялық  орталығының басшысы Әлия Жакиенова мәлім етті.

- Өздеріңізге белгілі, өткен жылдан бастап мектеп түлектері ҰБТ-ны 4 рет тапсыруға мүмкіндік алды, - деді Әлия Жакиенова. – Қаңтар, наурыз және тамыз айында тестілеуден өткендер тек ақылы оқуға түсуге құқығы бар. Ал, маусым-шілде айында тест таспырғандар мемлекеттік грантқа үміткер атана алады. Биыл өңіріміздегі түлектердің жалпы саны – 3590. Оның 81,5 пайызы маусым-шілде айындағы ҰБТ-ны тапсыруға ниет білдірді.

Спикердің айтуынша, 2018 жылдан бастап түлектер тестілеуді үш тілде таңдай алады. Өткен жылы бір оқушы ағылшын тілінде тапсырған болса, биыл ағылшын тілінде сыннан өтуге 30-дан астам түлек өтініш жазған. Халықаралық шет тілі емтихандарын тапсырғандар сертификаттарын әкелген жағдайда сәйкес ұпайлары қойылып беріледі.

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 10 мамырға дейін тестілеу өткізудің 10 пунктінде сынаққа қатысу бойынша өтініштер қабылданған.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым – 5 шілде аралығында өткізіледі. Жауап беруге бұрынғыдай 3 сағат 50 минут беріледі.

- Алдыңғы уақытта кешенді тестілеу тапсыру жүйесі де өзгерді, - деді Әлия Жакиенова. – Өткен жылғы мектеп бітірушілер, колледж түлектері кешенді тестілеуін биылғы түлектермен бірге тапсыратын болады. Оған қоса, педагогикалық мамандықтарға шекті 60 ұпайға көтерілді.

Айта кетейік, мемлекеттік грантқа өтініш жазатын кезде түлектер мамандық емес, оқу бағдарламасын таңдайды. Бұрынғыша 4 таңдау жасауға болады.

Оразбек Саяхат

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім