Павлодар қаласы №11 сайлау учаскелік комиссиясының төрағасы Біржан Өскембаев аталған учаскеде 2203 сайлаушы тіркелгенін атап өтті.

-    Учаскемізде тұрғындар белсенді түрде дауыс беруде, - деді Біржан Өскембаев. – сағат 11:00-де 670-ке жуық адам дауыс беріп үлгерді. Бұл көрсеткіш 31 пайызды құрайды. Алғаш дауыс беруші 15 адам тіркелген. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 20 адам үйінде дауыс беруге өтініш білдірді. Оларға арналған 2 жәшігіміз бар. Оған қоса, учаскемізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған керекті құралдармен жабдықталған бұрыш бөлінген.



Учаскеде 6 бақылаушы тіркелді. Оның ішінде Новосібір қаласынан келген шет елдік бақылаушы мен партиялардың және ҚР Президенттігіне үміткерлердің сенімді өкілдері бар.



Павлодар қаласының №11 сайлау учаскесі саналатын Естай атындағы мәдениет сарайының алдында сайлаушыларға азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі ұйысдастырған жәрмеңкеде жұмыртқаның қорабы 185 теңгеден, 2 келілік ұн 270 теңгеден, 5 келілік қант 1125 теңгеден сатылуда.

№11 учаскенің сайлаушысы Олжас Қалышбек отбасымен бірге келіп дауыс берді.



-    Өзім 3-ші рет Президенттік сайлауда дауыс беріп отырмын, - деді Олжас Қалышбек. – Сайлауда дауыс беру арқылы өз тілегімді құжат ретінде білдіріп, еліміздің саяси маңызды шешімінде өз үлесімді қосқым келеді. Қос баламызды ертіп отбасымызбен келіп таңдау жасадық. Өзім үшін лайықты деген үміткерге дауыс бердім.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, сайлау