Бұл туралы «Аманат» азаматтық платформасының өкілі Алма Қозбаева мәлім етті.

- «Аманат» платформасының өкілдері сайлау күні таңғы сағат 6:00-ден бастап жұмысына кірісті, - деді Алма Қозбаева. – Бізді 45 қоғамдық бірлестік қолдап, 1000-нан астам адам бақылау жүргізді. Таң атқаннан бастап барлық кабиналарды, қаламдарды, құрал-жабдықтарды тексеріп шықты. Біз жұмысымызды лайықты деңгейде атқардық. Кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс беру барысында ешқандай заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Бізбен бірге әр уческеде партиялардың, үміткерлердің сенімді өкілдерінен құралған 8-10 бақылаушы болды. Өкілдеріміз дауыстарды есептеу кезінде де бақылау жасады. Бізде барлық учаскенің хаттамалары бар. Сондықтан өңірімізде сайлау әділ өтті дей аламыз.

Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев сайлау күні түскі уақытқа дейін ардагерлердің 90 пайызы дауыс бергенін атап өтті.

- Сайлаудың ұйымдастырушылық деңгейі жоғары болды, - деді Рымтай Шөкеев. – Бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше болды. Өйткені біз бұрын елдің саясатын жүргізіп, болашағы үшін жұмыс жасаған Елбасымыз болғаннан кейін сол кісіге ғана дауыс беретінбіз. Осы жолы әр түрлі ұйымдардан, партиялардан 7 үміткер қатысты. Сондықтан халықтың пікірі әртүрлі болды деп ойлаймын. Алайда, әр адам өз таңдауын жасады. Біздің ардагерлеріміздің 90 пайызы түскі уақытқа дейін келіп дауыс берді. Таңдау жасау кезінде елдің болашағы, тыныштығы, балаларының бақытты болуы үшін шешім шығарды. Сондықтан жаңа президентіміз елдің бірлігі, әл-ауқатының өсуі үшін жұмыс істейді деген сенімдеміз.

Айта кетейік, Павлодар облысында 117 мыңға жуық ардагер бар.

Оразбек Саяхат
Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, сайлау