Облыстық дін істері басқармасының хабарлауынша, мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Жолдас қажы Бертымұратов және Шарбақты ауданының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Шахимардан Әбілов қатысты.

Шахимардан Әбілов ауыл тұрғындарын осынау елеулі оқиғамен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

- Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Ақсу қаласы Мәмәйіт Омаров ауылдық округінің Путь Ильича және Шарбақты ауданының Арбиген ауылдарында жаңа мешіттер ашылған болатын, - дейді департаментте. – Жақында Екібастұз қаласы ауылдық аймағының Шідерті кентінде тағы бір мешіттің құрылысы басталды.

Жаңа діни нысандардың құрылысы мен ашылуы Қазақстанның тәуелсіздігі тарту еткен қоғамның рухани дәстүрлерін жаңғырту, азаматтардың ар-ождан бостандығына деген құқықтарын жүзеге асырудың дәлелі болып табылады.

Сондай-ақ, облыста тағы бірқатар діни нысандар - Ақсу қаласы ауылдық аймағының Береке ауылында және ГРЭС кентінде мешіттер бой көтеруде. Ағымдағы жылдың күзіне таяу Ертіс ауданының Голубовка ауылында православиелік ғибадатханамен мешіттің ашылуы жоспарланып отыр. Өзінің көпұлтты ауылында әртүрлі екі конфессияның діни ғимараттарын салуға бастамашы болған Абай атындағы ЖШС-ның директоры Николай Миллер.

Айта кетерлігі, жаңа ашылған мешіт Шарбақты ауданындағы соңғы жылдары салынған жетінші діни ғимарат. Оның ішінде бесеуі – мешіт, екеуі – православиелік ғибадатхана.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам