Облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Роман Краснощековтың айтуынша, сайлаудан кейін атқаратын жұмыс көп.

- Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша сөзсіз Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті, - деді Роман Краснощеков. – Кешегі сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде қатыстым. Сайлау барысында ереже бұзушылықтар орын алған жоқ. Қарттар мен жастардың қатар келіп дауыс бергенін көрдік. Олар бір-бірін сайлауды мереке санап құттықтап жатты. Жалпы, біз жастар сайлау қорытындысын қолдаймыз. Сайлауалды жоспарында Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен жұмысқа басымдық беретіндігін айтқан болатын. Сондықтан алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Елдің жаңа басшысының алдында елдің бірлігін нығайту, қоғамның байланысының ара-жігін ажыратпау міндеті бар. Өйткені халықтың бірлігі мен бейбітшілік - Қазақстанның басты байлығы. Бұны тұңғыш Президеніміз бірнеше рет айтты. Жастар Қазақстанның әрі қарай дамитынына сенеді.

«Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының президенті, ақын, қоғам белсендісі Жарқынбек Амантай еліміздің тыныштығы бүгінгі күні өзекті болып отырғанын атап өтті.

- Орталық сайлау комиссиясы алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткенін мәлім етті, - деді Жарқынбек Амантай. – Бұл нәтижеге көңілім толады. Өйткені елдің тізгінін тәжірибелі, талайды көрген, осы уақытқа дейін жаманатқа қалмаған, мемлекет басқарудың әр саласында болған адамның алуы жөн. Бұдан басқа лайықты үміткер болды деп айта алмаймын. Бастысы қазіргі уақытта өзекті болып тұрған – еліміздің тыныштығы. Бүлікпен келген билік берекесіз болады. Елді арандатуға барып, сырттағы күштің бізге әсер етуінен сақ болу керекпіз. Көтеріліске шыққан ел жақсылыққа жеткен емес. Соңғы 10 жылдағы оқиғаларды халық көріп отыр. Кейбіреулер «ояндық» деп жатыр. Осындай елдің тыныштығы жолында ояну қажет. Билік халықтың жаңашылдықты, өзгерісті қалап отырғанын біліп, көріп отыр. Сол бағытта жұмыс жасайды деген үміттемін.

Айта кетейік, tengrinews.kz Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялағанын жазған болатын.

Дулат Райымбек
Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, сайлау