Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп өткізген шараға латын негізді қазақ жазуын меңгертетін оқытушылар жиналды.

 Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әдістеме басқармасының басшысы Айнұр Сейітбекова бүгінгі таңда республика көлемінде оқыту курстары басталғанын атап өтті.

- Елбасы латын әліпбиін бекіткеннен кейін Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты қазақ тілінің емле-ережелерін жасап шығарды, - дейді Айнұр Сейітбекова. - Бұл курс екі бағытта жүруде. Наурыз айында басталған «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» деп аталатын 72 сағаттық курс қараша айының ортасына дейін жалғасады. Екінші бағыттағы курс барлық өңірлерде көшпелі семинар ретінде жүріп жатыр. Яғни, біздің мамандар барлық облыстардың орталықтарында мектеп мұғалімдеріне, колледждер мен ЖОО оқытушыларына жаңа емлені меңгертеді. Енді алдағы уақытта қалған 3-4 аймақты қамтып, маусым айында аяқтаймыз.

Бүгінгі дәріс-семинарға қатысты өз пікірімен бөліскен ПМПУ доценті Әділбек Әміренов  латын әліпбиіне көшу қазіргі заман талабымен жасалып жатқан әрекет екенін айтады.

-  Кириллицадан басы артық дыбыстардың енуі қазақ тілі грамматикасына үлкен әсер етті, - дейді Әділбек Әміренов. - Әсіресе, фонетикалық тұрғыдан алатын болсақ, буындарды қалай бөлу керек дегенге мектеп оқушыларынан бастап, жоғары оқу орындарында фиолология  факультетінің студенттеріне дейін бас қатыратын мәселе болды. Орфографиялық тұрғыдан да әртүрлі пікір айтылып жүрді. Сондықтан латын әліпбиіне көшудегі басты мақсат – тіліміздегі олқылықтардың орнын толтыру. Әліпби бекітіліп, емле жобасы таратылды. Республикадағы тілші-ғалымдар талқылап, бір тоқтамға келгендей. Дегенмен, әлі де қарастыратын мәселе бар. Көш жүре келе түзеледі.  Әліпбиді бекітер кезінде үш нұсқасы халықтың талқысына ұсынылып, ең соңғысы бекітілді. Басты өзекті мәселе төл дыбыстарды белгілеу еді. Өйткені, классикалық латын әліпбиінде барлығы 25 таңба ғана бар. Біздің қазақ тіліндегі дыбыстарды таңбалау үшін 28-32 таңба керек болды. Бұл мәселе тұрақталып, апострофтармен белгілеу туралы шешім қабылданды. Енді осыны жұртшылыққа жеткізу жолын қарастыру керек.

Семинар барысында тіл мамандарына  қазақ әліпбиінің қысқаша тарихы, графикасы мен құрамы, әріп-фонема арақатынасы, қазіргі айтылым және жазылым нормалары туралы ақпарат берілді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім