Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  Павлодар облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Аягөз Мұсапирова айтты.

- Биыл 5 айдың ішінде департамент қарауына жеке және заңды тұлғалардан 21 өтініш түсті, - дейді Аягөз Мұсапирова. - Оның 18-і қарастырылып, 7 өтініш бойынша қызмет алушылардың құқығы қалыпқа келтірілді. Соңғы үш жылда жер қатынастары, халықты әлеуметтік қорғау салалары бойынша шағым көп түсуде. Ағымдағы жылы құжат беру тәртібі мен мерзімнің бұзылуына байланысты 4 әкімшілік іс толтырылып, 113 мыңнан астам теңгеге айыппұл салынды.

Спикердің айтуынша, тұрғындар жоғарыдағы қызметтің 245 мыңнан астамын қағаз жүзінде алған. Алайда оның 15,6 пайызын электронды түрде жүзеге асыруға болатын еді.

Мамандар мемлекеттік қызметтердің сапалы орындалуын қатаң қадағалап келеді. Бұл ретте аймағымызда 5 айдың ішінде мемлекеттік органдарға 14 бақылау шарасы өткізілгенін атап өткен жөн.

Тексеру шарасының нәтижесінде 2193 заңбұзушылық анықталған. Оның 1942-сі қызмет көрсету тәртібінің бұзылуына, 200 жағдай артық құжаттарды талап етуге байланысты болған. Сонымен қатар, 6 қызмет бойынша белгіленген мерзім бұзылған. Мұндай бақылаудың қорытындысы бойынша 6 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардағы заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Құпия сатып алушы» әдісі де жүзеге асырылуда. Бұл ретте 55 шара өткізіліп, 24 тәртіп бұзушылық анықталған. Тұрғындармен кері байланыс жасау ісіне ерекше мән берілуде.

Жұртшылық «Digital Agent» мобильды қосымшасы арқылы шағым түсіре алады. Тіпті, мемлекеттік қызмет сапасына қатысты өтініштерін WhatsApp қосымшасы арқылы 87474041424 ұялы телефон нөміріне жолдай алады. Сондай-ақ, 1414, 1424 нөмірлеріне де қоңырау шалуға болады.

Айдана Қуанышева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам