ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сілтеме жасай отырып, аталмыш елдердің тізімін оқырман назарына ұсынады.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда 19 мемлекетпен ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы екіжақты келісімдерге қол қойылған. Олар: Аргентина, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Гонконг АӘА, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Украина және Эквадор.

Сондай-ақ, қазақстандық азаматтар үшін біржақты тәртіп негізінде 5 мемлекетпен визасыз режім енгізілген.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, алғашқы тізімдегі елдердің азаматтары да Қазақстан аумағына турист ретінде визасыз кіре алады.

«Ал Индонезия, Колумбия, Коста-Рика, Малайзия және Филиппин елдерінде біздің елдің азаматтары визасыз қыдыра алғанымен, аталмыш елдердің тұрғындары бізге виза арқылы ғана кіреді», - дейді СІМ өкілі.

Ресми органның хабарлауынша, министрліктің туристік сапармен шығуға тыйым салынған немесе қауіп бар шет елдердің арнайы тізімі жоқ.

«Шет мемлекетте ішкі саяси жағдай шиеленісіп жатса немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде қазақстандық азаматтарға министрлік аталған мемлекеттерге шығудан бас тарту туралы ұсынымдарды дер кезінде жариялап отырады», - делінген ресми ақпаратта.

Сыртқы істер министрлігі ҚР азаматтарына шет елдерге шығар алдында баратын ел мен оның саяси жағдайы туралы қосымша біліп алуға кеңес береді.

pavlodarnews.kz

Тэги: