Ерасыл Нұрамханұлы 2010 жылы Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылында 11-сыныпты тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы азаматтық авиация академиясына грант ұтып алады. 2014 жылы жоғары оқу орнын авиамеханик мамандығы бойынша бітіреді. Сол жылдары Алматы қаласында Отан алдындағы борышын өтейді.

- Бір туысым осы мамандықты таңдауға кеңес беріп, әуе кеңістігі беделді әрі мәртебелі мамандықтардың қатарында екенін жиі айтатын. Әу баста болашағымды мұнай саласымен байланыстырғым келген еді. Бірақ авиамеханик мамандығы бойынша білім алғаныма еш өкінбеймін, - дейді Ерасыл Миемишев.

Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Ерасыл Нұрамханұлы еліміздегі бірқатар әуе компанияларына түйіндемесін жолдап, жұмыс іздейді. Бағы жанып, Ақтөбе қаласындағы «ҚазАэроНавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қызметке шақырылады. Бұл жауапты жұмысқа тұруы үшін алдымен арнайы байқаудан өткен. Әуе кеңістігін бақылау жауапты қызмет болғандықтан Ерасыл Латвияның астанасы Рига қаласында авиадиспетчер мамандығы бойынша 1 жыл білім алады. Сонымен қатар, Америка Құрама Штаттарындағы Майами қаласында 2 ай тәжірибеден өткен. Онда олар пилоттың қызметін атқарып, авиадиспетчерлермен байланысқа шығады. Бұл арқылы өздері таңдаған мамандықтың қаншалықты қиын әрі жауапты екенін түсінген. Яғни, бір уақытта ұшақты тізгіндеп, авидиспетчермен байланысқа шығуды үйренген. Осы уақыт ішінде мол тәжірибе жинаған. Бүгінде Ерасылдың авиадиспетчер қызметін атқарып келе жатқанына 1 жыл толып отыр. Жерлесіміз қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.

Ерасыл Нұрамханұлы жұмыс кестесі таң, түс және кешкі уақыт деп бөлінетінін айтады. Яғни, бір күні таңғы сағат 8.00-ден 14.00-ге дейін қызмет етсе, тағы бір жұмыс күні түскі сағат 14.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін жалғасады. Ал кешкі уақытта сағат 22.00-ден таңғы 8.00-ге дейін жұмыс істейді екен. Қызмет 5 ауысымнан тұрады. Осы уақыт аралығында авиадиспетчер әуе көлігінің шығу және қону кестесін белгілеп, ұшақ жүргізушісімен үнемі байланыста болады. Яғни, ұшақ тәулік бойы жұмыс істейтін болғандықтан, бұл саланың мамандарына жүктелетін міндет зор екенін көреміз. Себебі олар әуе көлігінің қауіпсіздігіне жауапты.

- Қызметіміздің басты мақсаты - әуе көлігінің шығу уақыты арасындағы интервалды дұрыс белгілеу. Сол арқылы әуе қозғалысы қимылын қысқарта аламыз. Себебі ұшақтағы адамдар денсаулығына байланысты жол бойында ауырып қалып жатады немесе ұшақ ішінде қандай да бір құрылғы сынып қалуы мүмкін. Міне, осындай келеңсіздіктердің алдын алу және оқыс жағдайға жол бермеуіміз үшін пилотпен байланысқа шығып, жақын маңдағы аэродромға қонуын сұраймыз. Яғни, біз ұшақтың шыққан уақытынан бастап, белгіленген орынға жеткен уақытына дейін үзіліссіз радио байланыс орнатамыз. Компьютер арқылы монитордың көмегімен әуе көлігінің ұшу жылдамдығын, қай жерде келе жатқанын анық көре аламыз. Сонымен қатар, ұшақ апаты орын алмас үшін әр көліктің арақашықтығы кем дегенде 20 шақырымды құрауы тиіс. Егер осы мөлшерден қателескен жағдайда оқыс оқиға орын алуы ықтимал. Міне, осы жұмыстардың барлығы бізге жүктелген, - дейді Ерасыл Нұрамханұлы.

Ерасыл Миемишев жұмыс орны қызметтік баспана ұсынатынын айтады. Жерлесіміз пәтерге өтініш беріп қойған. Еңбекақы мөлшері де көңілден шығатынын айтады.

Айдана Қуанышева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам