Баянауыл аудандық туризм және спорт бөлімінің бас маманы Нұрқанат Дәрімнің айтуынша, сағат 11.00-де Жасыбай демалыс аймағында концерттік бағдарлама, сағат 11.30-да Жасыбай – Торайғыр бағытында 10 шақырымдық жеңіл атлетикалық марафон өтеді. Жергілікті қолөнершілер өздерінің жұмыстарын көрмеге ұсынады және жастар арасында би жарысы ұйымдастырылады.

- Катамаран және велосипед алып серуендеуге болады және жылқымен жүру қарастырылған, - дейді Нұрқанат Дәрім. - Сондай-ақ, әуе шарларымен ұшу көзделіп отыр. Сол күні заманауи үлгідегі 250 орындық «Золотые пески» демалыс үйі мен «Жаслан» дәмханасы ашылады. 

2018 жылы Жасыбайға демалуға келген туристердің саны 150 мыңнан асып түскен болса, биыл 200 мыңнан астам адамды күтіп алу жоспарлануда. Ол үшін 54 демалыс орны жұмыс істейді. Қысқы уақытта шипажай аймағында туристерді бес демалыс үйі қабылдай алады. Ұлттық  саябақ аумағындағы табиғи ескерткіштерді таныстыратын 20-ға жуық маршрут бар.

Еске сала кетейік, Баянауыл шипажай аймағы еліміздің туристификация картасындағы 10 басым бағытқа ие жобаның құрамына енгізілген. Соңғы екі жылда шипажай аймағын дамытуға 23 миллиард теңге салынған. 

Ақбота Сейсенбаева

 Фото: bnews.kz 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам