Ақ желеңділерді кәсіби мерекемен аудан әкімінің орынбасары  Қазбек Аметов құттықтады.  

- Адам өмірін ұзартуға септігін тигізетін дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген, - деп атап өтті аудан басшысының орынбасары. - Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың нәтижесінде еліміздің денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде дамып келеді.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі». Біздің ауданымыздың денсаулық сақтау саласының дамуына медицина қызметкерлері айтарлықтай үлес қосып, халықтың  алғысына бөленіп жүрген адамдар көп. Денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан ардақты ардагерлерімізге ерекше алғыс білдіргім келеді.

Облыс бойынша Аққулы ауданында ғана жас дәрігерлерді қолдау мақсатында бірнеше жыл қатарынан мамандарға аудан бюджетінен әрбіреуіне 500 мың теңге көлемінде сыйақы  ұсынылады. Екі жылда ауданға қажетті 12 жас дәрігер келіп, баспанамен және көтермеақымен қамтылған. Биыл ауданға төрт жас дәрігер  келеді деп күтілуде.

Медицина қызметкерлері күніне  орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет  грамотасымен аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Айдын Қобайдарова, жалпы  тәжірибелі дәрігерлері Фатима   Исмайлова,  Жеңісгүл Әміренова, Шәмші ауылының дәрігерлік  пунктінің медбикесі Майдаш Жақсыбаева  марапатталды. Сондай-ақ, аймақтың  медицина  саласының  дамуына  қомақты үлес қосқан басқа да  ақ желеңділерге облыстық  денсаулық сақтау басқармасының  алғыс  хаттары,  аудан әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді.

 Томирис Бекжан

Фото: Аманжол Еренұлы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам