Бұл туралы облыстық мәслихаттың сессиясында Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров айтты.

- Осыған байланысты аталған қылмыс түрімен күрестің тиімділігін арттыру мақсатында 2018 жылы бірқатар шара қабылданды, - дейді Амантай Әубәкіров. – Жолаушыларды тасымалдайтын автопарктердің иелерімен кездесу өткізіп, автобустар мен трамвайлардың 50 пайызында бейнебақылау орнатылды. Соның нәтижесінде қоғамдық көліктерде қалтаға түсу екі есеге азайды.

Бұдан бөлек, департамент басшысы қабылданған шаралардың нәтижесінде аймақта тіркелген құқық бұзушылық 7,3 пайызға төмендегенін атап өтті. Соңғы үш жылдың ішінде оң нәтиже байқалуда.

- Мәселен, 2015 жылы 10 мың адамға шаққанда 221 қылмыстық құқық бұзушылық жасалса, 2018 жылы бұл көрсеткіш екі есеге азайып, 131-ге жеткен, - дейді Амантай Әубәкіров. – Елімізде 17 өңірдің ішінде қылмыс деңгейі бойынша біздің облыс жетінші орында тұр. Тіркелген қылмыс туралы бағдар беру жөнінде таксопарктер, «103» қызметі және басқа да апаттық қызметтермен меморандумға қол қойылды. Баянауыл демалыс аймағы мен саяжай учаскелерінде патрульдік полиция батальонының кавалерлік взводы құрылған.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам