Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және белгілі кино режиссерлар Отырар ауданына арнайы іссапармен келген кезде мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр Арыстанбаб кесенесі мен Отырар төбе және Отырар сапар орталығын аралап, атқарылған жұмыстарды көзімен көріп қайтты. Айта кетейік, жоспар бойынша үш жылдай түсірілетін киноның режиссері Түркия елінен шақыртылған. Ол танымал «Ертұғырыл» сериалының авторы әрі режиссері Гюнай Метин.

«Гюнай Метинге рахмет. Елбасының арнайы шақыртуымен келіп, бір жылдың ішінде үлкен жұмыстар атқарды. Неге десеңіз, Қасым хан туралы сценарий жазу керек болды. Сценарий өте керемет. Қазіргі таңда өнердің барлық саласын бір жүйеге келтіріп, тоғыстырудамыз. Осы жобаның арқасында тарихи жерлерге жүргізіліп жатқан реставрациямен қатар, киножоба арқылы Отырар, Сарайшық, Сауран қаласын дүниежүзіне паш етуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, әлі бірде бір кинотуындымыз дүниежүзіне кеңінен танымал болған жоқ. Сол үшін бұл өте жауапты, күрделі жоба болғалы тұр. Оған жан-жақты дайындық басталып жатыр. Мақсатымыз – тарихымызды әлемге көрсету, дүниежүзінің туристерін Қазақстанға тарту», - деді Арыстанбек Мұхамеди.

Министрдің айтуынша, Қасым хан туралы сериалға кастинг енді жүргізілгелі жатыр. Оған міндетті түрде қазақстандық актер-актрисалар түседі деп күтілуде. Сондай-ақ, жақында сериалға арнап тігілген сол кездің тұрмыстық заттары мен костюмдерін де таныстыратын болады.

Барша қазақстандықтардың сүйікті сериалына айналып үлгерген «Ертұғырыл» сериалының авторы Гюнай Метин Қасым хан сериалын бастамастан бұрын, алдымен түсірілетін алаңның шынайы және тарихи орындармен байланыстыруды көздегенін атап өтті.

«Біріншіден ата топырағымызға келгенімізді мақтан тұтамын. Осы өлкені таныстырып, көрсеткен Арыстанбек Мұхамедиұлына рахмет. Біздің тарихымыз ортақ. Қасым хан – тарихи маңызы бар тұлға. Үлкен жобаны жоспарлағандықтан, түсірілімді бастау үшін ыңғайлы және тарихта болған шынайы жерлерді қарастырып жатырмыз. Хикаямызда көптеген тарихи қалалар бар, соның ішінде осы Отырар төбесі қалашығы мен тағы үш қала бар, оларды да қараймыз. Жоба үш маусымға созылады. Түсірілім жылдың төрт мезгілінде де жүреді», - деді түрік режиссері Гюнай Метин.

Іссапар барысында министр Арыстанбек Мұхамеди Қасым хан туралы сериал әр жылда 25 сериалдан түсіріліп, толықтай алғанда 75 серияны қамтитынын айта кетті.

pavlodarnews.kz

Тэги: