ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайдың мәлімдеуінше,  жиынға ҚМДБ-ның  Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет арнайы келіп қатысқан. Сонымен қатар, облыстық діни істер басқармасының басшысы  Закарьянов Дәулет Қоқанұлы қатысып өңірдегі қазіргі діни ахуал туралы қысқаша таныстырып, имамдардан қойылған сұрақтарға жауап берді.

-    Нұрбек Есмағанбет өңірлік қала, аудан, ауыл мешітінің барлық дін қызметшілері түгелдей бас қосқан келелі жиында ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Серікбай Сатыбалдыұлы хазіреттің тапсырмасын ортаға салып, дін қызметкерінің этикасы мен әдебі, жауапкершілігі жайлы, жұмыс барысында кездесетін өрескел әрекеттердің себебі мен салдарын талқылады, - деді Амантай Тойшыбай. – Сондай-ақ ҚМДБ-дан бекітілген төрт құжаттың бірі «Имамның тұлғалық келбеті» және «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» тәлімдік анықтамалығы аясында дін қызметкерлерінің міндеттері мен қызметтеріне және қоғамдық ортадағы бейнесі мен дінді көркем насихаттау шеберлігіне қатысты талаптар мен ережелерді толығымен ашып түсіндірді.



Ал, өкіл имам Жолдас Қоспақұлы өз кезегінде қала, аудан, ауыл имамдарына имамдық қызметтің жауапкершілігі, өткен Рамазан айы қарсаңында атқарылған келелі істер,  мешіт тазалығы, сабақтар мен дәрістердің өткізілуі, имам этикасы және өзге де өзекті мәселелерге қатысты бірқатар ескертулер жасап, тапсырмалар берді. Оған қоса, «Жастар ісі», «Әйелдер-қыздар» секторларының жұмыстары пысықталып, ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасының мақсаты мен қызметі, «Еріктілер» қозғалысын өрістету, тағы басқа көптеген іс-шаралар туралы таныстырылды.

Жиын соңында бір пәтуаға ұйысқан имамдар мен дін қызметшілері алда атқарар  ауқымы кең ізгі істеріне сәттілік тілеген  бата жасап тарқады.

pavlodarnews.kz

Тэги: