VII халықаралық ретро ралли аясында 120-дан астам автокөлік Павлодарға ат басын бұрды.

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күмісай Асайынованың айтуынша, орталық алаңдағы ретроавтокөліктер шеруін тамашалауға 10 мыңға жуық адам жиналды.

- Ретро раллиге 50-60 жылдардан бастап шығарылған көліктер ғана қатыса алады, - деді Күмісай Асайынова. – Бұл көліктердің бағасы миллион долларға жуықтайды. 20-ға жуық елдің азаматтары Бейжіңнен Парижге дейін 14 мыңнан астам шақырым жолды жүріп өтпек. Біздің қаламыздағы шеруді туризм және спортты дамыту, ішкі саясат басқармалары ұйымдастырып отыр. 1-2 күн ғана қалғанда жарнама жасалса да, орталық алаңға көліктерді тамашалау үшін көп адам жиналуда.

Шет елден келген ретро көлік иелерімен сұхбаттасу үшін облыстық полиция департаментінің қызметкерлерінен 5 аудармашы көмектесуде.

Аустралиялық Алан Маден ретро раллиге Rolls Royce темір тұлпарымен шыққан.

- Көлігім 1975 жылы жасалған, - деді Алан Маден. – Бейжіңнен шығып Қазақстанға келдік. Әрі қарай Ресей арқылы Еуропаны аралап соңында Францияның Париж қаласына барып тоқтаймыз. Өзім 62 жастамын. Құрылысшы болып жұмыс жасаймын. Көлігіммен елдерді аралаумен әуестенемін. Біздің елде 65 жаста зейнетке шығады. 3-ақ жылым қалды. Зейнетке шыққаннан кейін де елдерді аралағым келеді.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, биыл әйгілі ралли алғаш рет бүкіл Қазақстан арқылы өтеді. 16 маусымда шараға қатысушылар Павлодарда, келесі күні Нұр-Сұлтанда, содан кейін Балкашино кентіне тоқтайды. Жол үстінде ретро автомобильдер Бурабайға соғады. Раллиге қатысушылар Қазақстанда ат басын бұратын ең соңғы қала - Қостанай. «Бейжің-Париж» раллиін ұйымдастырушы - Endurance Rally Association (ERA) (Лондон).

Жарысты ұйымдастыру идеясын LeMatin француз газеті ұсынған. Ол оны 1907 жылғы 31 қаңтардағы санында жариялаған.

«Адамдар көлік бар кезде қалаған жеріне бара алатынын, қалағанын істей алатынын дәлелдеуі керек. Биыл жазда Бейжіңнен Парижге дейін автомобильмен жолға шығуға бел буатындар ма екен?», делінген алғашқы мақалада.

Оразбек Саяхат
Фото: автор және Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, көлік шеруі, ралли