Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат түнгі 3-тен келесі күні сағат 11.30-ға дейін жауын-шашынның мол түсуіне байланысты  Павлодар қаласының Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы және Торайғыров, Сәтбаев, Ломов, Шөкин, Димитров, Геринг, Малайсары батыр көшелерінде тереңдігі 15-20 см су жиналып қалған.

Суды сорып алу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен 10 техника, ассенизатор мен 20 адам, ТЖД бөлімінен 3 қызметкер мен бір техника жұмылдырылған.

- Назарбаев даңғылы, 2/1 мекенжайы бойынша көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінен су шығарылды, - дейді департаментте. - Павлодар облысында су басу қауіпі жоқ. Әлеуметтік желілерде көліктердің үстіне ағаштардың құлағаны туралы видео шығып жатты, дегенмен, бізге бұған байланысты ешкім шағымданбады.

Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында қалада 20-дан астам техника су сору жұмыстарына жұмылдырылғаны туралы ақпарат орналастырған. 

- Коммуналдық қызметтен төрт бригада мен мотопомпалар жауын салдарынан құлап түскен ағаштарды шығару бойынша қала тұрғындарының өтініштерін қабылдап, жұмыс істеуде, - деп жазады Әнуар Күмпекеев. –  «Қаз қонақ» аумағында қатты жауын салдарынан  кейбір жерлері  қираған. Нөсер суын бұру үшін  дренажды жүйені орнату жұмыстарын аяқтағаннан кейін көріктендіру жалғастырылады. Жағалауды көріктендіру кезінде мердігермен жіберілген қателіктердің барлығы жойылады. 

Айта кетерлігі, Қазгидрометтің болжамынша, бүгін өңірдің кей жерлерінде тұман түсіп, күндіз найзағай ойнайды, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам