Май ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, мәдениет ойын-сауық орталығы ұйымдастырған айтыста өңіріміздің аудан, қалаларынан келген 12 бақ сынады.

Шараның ашылуында аудан әкімі Марат Ақтаев қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, ақындар тартысын соңына дейін тамашалады.

- Ауданымыз – құрсағы алтын, құтты мекен, - деді Марат Ақтаев. – Талай елді аузына қаратқан ақындар шыққан. Оны халық біледі. Солардың бірі Мұқсихан Зайытовты бүгін ақындар жырына қоспақ. Енді міне, ұлттық мұрамыз өңірімізде қайта жанданып, елге ұсынылуда. Алдыңғы ағаларымыздың жалғасы болған жастар шығып, бұл өнеріміздің туы әлі де желбірейді деген үміттемін.

Сөз бәйгесіне келген Мұқсихан Зайытовтың ұрпақтары айтысқа қолдау танытып, аталарының атындағы арнайы жүлде тағайындады.

Сахна үстінде тартылған жеребемен жұпталып айтысқан 12 ақынның 4-і екінші айналымда сөз қағыстырды. Ақындар аудан тарихы мен өңірден шыққан тұлғалар жайлы жырлап, елге сіңірген еңбектерін паш етті. Сондай-ақ қазіргі уақытта қоғамдағы орын алып жатқан оқиғаларды да тілге тиек етті.

Айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Арман Қани бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Доданың қорытындысы бойынша аудан әкімінің арнайы жүлдесін Май ауданының ақыны Аңсаған Зарыққан мен павлодарлық Ғалым Еркінбек еншіледі. Ал, Мұқсихан Зайытов атындағы арнайы жүлдені Рavlodarnews.kz АА-нің тілшісі Оразбек Саяхат жеңіп алды.

3-орынға ақтоғайлық Абзал Қабдраш қол жеткізсе, 2-орынды павлодарлық Айбек Оралхан олжалады. 1-орын ақсулық ақын Ернар Құсановқа бұйырды.

Айтысқа қатысқан және жүлдегер атанған ақындарға мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Дулат Райымбек
Суреттер Май ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Май ауданы, айтыс, өнер, мәдениет