Бұл туралы білім беру мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.

- Биыл 118 түлек алтын ұяларынан қанат қақты, - деп атап өтті аттестат алу салтанатты рәсімінде мектеп директоры Ринат Жұмабаев. - Оның ішінде 30-ы әлемнің түпкір-түпкірінде орналасқан алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының грант иегерлері. Алдағы уақытта да түлектеріміздің барлығы өз орындарын табады деген сенім зор. Үлкен өмірге жолдама алған түлектерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Қиялдарың ұшқыр болып, қанаттарың талмасын, келешектерің кемел, болашақтарың нұрлы болсын!

Бұдан кейін «Алтын белгі» иегерлеріне төс белгілері тағылып, түлектерге мектеп бітіру туралы куәліктер табысталды. 12 түлек «Алтын белгі» иегері, 16 түлек «Үздік аттестат» иегері атанған.

Оқушылардың IELTS көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда 0,5 ұпайға өсіп, 6,5-ті құрады. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында өткізген жылдары алғыр білімімен, үлгілі тәрбиемен көзге түсіп, көшбасшылық қасиетімен қоғам мен достарына үлгі бола білген, азаматтық борышын ерінбей орындап келген белсенділер мен көшбасшылар тобы алғыс хаттармен марапатталды.

Химия пәнінен халықаралық, республикалық олимпиадаларда бірнеше дүркін жеңімпазы Даниил Мельниченко Кореядағы KAIST университетінің Грант иегері атанып отыр.

- Алтын ұя – мектебімді ғылымға тереңнен еніп, армандарымды іске асыра бастаған орын деп білемін. Осы күні білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарыма, үнемі қолдау көрсеткен сыныптастарыма алғысым шексіз, - дейді Даниил.

Салтанатты шара Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің орындауындағы мектеп әнұранымен аяқталды.

 

 

Томирис Бекжан

Фото: НЗМ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім