Жолақысының 420 теңгеге көтерілгені туралы ақпарат Іnstagram әлеуметтік желісіндегі aksu.ermak парақшасында пайда болған.

Мәселенің мән-жайы туралы Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Диана Мұханова айтып берді

- Соңғы рет биыл Павлодар және Ақсу сапаржайы комиссиялық алым ретінде 20 теңге қосқан болатын, - дейді Диана Мұханова. – Мұндай шешімнің дұрыс немесе бұрыс па екені туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хат жолдағанда комиссиялық алымға рұқсат берілген. Нәтижесінде жолақысы 370 теңгені құрады. Оған біздің басқарманың ешбір қатысы жоқ және тыйым сала алмаймыз.

Осы жолы Ақсу – Павлодар бағытында жолаушыларды тасымалдайтын «Зейін» ЖШС дизель отыны мен құрал-саймандар бағасының қымбаттауына байланысты бағаны тағы да көтеру туралы хат жолдаған. Бұл бағытта күн сайын жарты сағат үзіліспен және жолаушылардың жиналуына байланысты 25-30 автобус қатынайды.

- Бастапқыда жолақыны 700 теңге шамасында белгілеуді сұраған болатын, - дейді Диана Мұханова. - Бірақ біз 400 теңгені белгіледік. Ал, 20 теңгені тасымалдаушы комиссиялық жиынтық ретінде  қойып отыр. Дегенмен бізге де тұрғындар осы жағдайға байланысты қоңырау шалып жатыр. Бүгін тасымалдаушымен сөйлесіп, 380 теңгеге қоюды сұрап отырмыз. Комиссиялық алыммен бірге 400 теңге болуы мүмкін. Бүгінде барлығы дизель отынымен жүретіні белгілі. Тасымалдаушылар хат жазып, шығындарды көрсетті. Олар да шығынға ұшыраған жағдайда шықпай қояды. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау үшін осындай шара қарастырылуда. Бұл баға биыл және келесі жылы қалуы мүмкін. Әзірге қазіргі таңда жолаушылар екі қаланың ортасында 420 теңгеге жүруде.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың маусымында билет құны 230 теңгеден 300-ге дейін өскен болатын. Ал, 2018 жылы 1 мамырдан бастап Павлодар-Ақсу бағыты бойынша жолақысы 350 теңгеге дейін көтерілді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: aksu.pavlodar.gov.kz,  aksu.ermak

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ақсу, жолақысы, көлік