Жаңа жағалау жобасының бас инженері Ғабит Темірбаевтың айтуынша, өткен күні жаңбырдың 2 айлық мөлшері жауған.

- Кеше 603 мм жаңбыр суы түсті, - деді Ғабит Темірбаев. – Мердігер мұндай жағдайға дайын болмады. Себебі, жаңбыр суы ағатын желі құрылысы аяқталмаған болатын. «Қаз қонақ» маңында 1 мың метрден астам жердің бетін алып, учаскенің шетіне төкті. Аулалардан яғни, жағалаудың үстіңгі бөлігінен келген судың әсерінен тротуарларды құм басып қалған. Енді тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қайтадан жерді ретке келтіріп, ұсақ тастар төселеді. Жаңбыр суы ағатын желі жұмысына баса назар аударылады. Оны 2 аптада аяқтау жоспарланып отыр. Жер астындағы суға жеке арна салынған. Одан аққан су таза болғандықтан бірден өзенге құяды.

Жағалау үстінен, асфальттан, шағын ауданнан келетін су науалар арқылы тазаланбақ. Науа секундына 122 литр немесе сағатына 400 текше суды қабылдай алады. Яғни, бұл кешегідей жаңбыр суына төтеп беруге жеткілікті.

Ғабит Темірбаев жаңа жағалау бойынша темір жол көпіріне дейін 5-6 гектар аумақта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

- Аталған аумақ «ҚазТрансОйл», «Қаз қонақ» және Химқалашық тұсы болып 3 учаскеге бөлінген, - деді жобаның бас инженері. – «Қаз қонақ» маңы тазартылуда. Жалпы жағалау жұмысын 1-шілдеге дейін тапсыру жоспарланған болатын. Жаңбырдың жұмысты қанша уақытқа бөгегенін анықтау үстіндеміз. Нақты мөлшері тазалау жұмыстары біткенде белгілі болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жағалау, құрылыс, жаңбыр