Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Толғанай Рахметованың айтуынша, бұл өңірдегі латын әліпбиіне үйрететін алғашқы орталық.

- Мұндағы басты мақсат – әдістемелік материалдарды бір жерге жинақтап, латын графикасына қатысты жұмысты бірізді жүргізу, - дейді Толғанай Рахметова. - Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, жеке тұлғалар латын графикасына құжаттарын көшіруде қиналып қалады. Сондықтан осындай жағдайда оларға біздің орталықта көмек көрсетіледі. 18 жастан бастап келетін қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды және соңғы мақұлданған нұсқасы бойынша тегін оқытылады.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 600 мың теңгеге жуық қаражатқа аудандық кітапхананың жанындағы кабинетке жөндеу жүргізіліп, құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Биылғы жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында арнайы курста біліктілігін арттырып келген қазақ тілі маманы Айсұлу Еспаева сабақ береді. Бір топта 20-30 адамнан аптасынан екі реттен қатысады.

- Алдағы уақытта жаз мезгілінде ауылдық аймақтарды аралап шығуды көздеп отырмыз, - дейді бас маман. – Тұрғындарды латын әліпбиін қолдануға дайындау мақсатында студенттердің арасында «Латынша үйренейік» акциясы мен «Жаңа емледегі жаңалықтар» айдары бойынша жұмыс істейміз.

Айта кетерлігі, 16 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның үш ауылында кіреберістегі стелланың жазуы мен батырлар алаңының мекенжайы латын әріптеріне ауыстырылған.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: латын графикасы, қоғам, әліпби