Еске сала кетсек, Екібастұз қаласында биыл жүзеге асуға тиісті кремний зауыты құрылысының жобасы мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін «ANSA Silicon» ЖШС инвестиция құймай, байланысын мүлде үзген.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен экономикалық форум барысында облыс әкімі Болат Бақауов бірнеше шет елдік инвесторлармен кездесулер өткізген болатын. БАӘ инвесторымен кездесуде кремний зауытының жобасы ұсынылып, екі тарап серіктестік жөнінде меморандумға қол қойған.

Облыстық әкімдікте өткен жиында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Canarax» компаниясы жұмысты жандандырып, «ANSA Silicon» ЖШС-ның үлесін 100 пайыз сатып алғаны белгілі болды.

- Зауыт бойынша жұмысты бастап кеттік, - деді «Canarax» компаниясының басқарма төрағасы Сидхарт Чаухан. – МАЭС-1-ден электр желісін тартуды қолға алдық. Құжаттар дайындалды. Тек желіні тартумен айналысатын ұйымның жұмысқа белгілеген уақыты ұзақ болып тұр. Жылдамырақ аяқтаса жақсы болар еді. Біздің өзге компаниялардан айырмашылығымыз – құрал-жабдықтарымыз түгелдей еуропалық болмақ. Қытайлық ешбір жабдық қолданылмайды. Қазіргі кезде Оман елінде де дәл осындай кәсіпорын салудамыз.

Инвесторлар зауыттың шикізаты – кварцитті Алматы, Тараз, Қарағандыдан тасымалдауды жоспарлауда.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңір басшылығы барлық көмекті көрсететінін атап өтті.

- Электр желісін тартатын жергілікті ұйым өте тәжірибелі, - деді облыс әкімі. – Олармен жұмысты жылдамдату жөнінде келіссөздер жүргіземіз. Сонымен қатар, кремний зауыты жөнінде халыққа түсіндірме жұмысын тиянақты жүргізіп, тұрғындарға анықтап жеткізуді тапсырамын. Оған қоса, өңірімізде кварцит аралас құм бар. Алайда, бұл 65 жыл бұрынғы анықталған мәлімет. Сол орынға қажет десеңіздер зерттеу жасап, шикізатты іздестіруге болады.

Өңір басшысы инвесторларға Омандағыдай емес, елімізде жыл аяғында ауа райы қатты суытатынын ескертіп, жұмыстарына қазірден ұқыпты қарауды тапсырды. Сондай-ақ қажетті көмекті уақытылы алып отыру үшін Павлодар қаласындағы Инвесторлар үйінен кеңсе ашуды ұсынды.

Айта кетейік, «Canarax» компаниясы Екібастұз қаласындағы жылына 35 мың тоннаға дейін кремний өндіретін зауытқа 2019 жылдың соңына дейін 20 млн доллар инвестиция құятын болды. Екі жылдың ішінде инвестицияның жалпы көлемі 75 млн долларды құрайды.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, кремний зауыты, кәсіпорын, экономика