ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Павлодар облыстық департаментімен бақша дақылдарының құрамындағы нитратты тексеру акциясы өтуде.

- Біз қазір қарбыз бен қауынның құрамындағы нитрат мөлшерін анықтаудамыз, - деді департаменттің бөлім басшысы Гүлнәр Ақылбекова. – Жыл сайын осы кезеңде оңтүстік өңірлерден әлі піспеген бақша дақылдары жеткізіледі. Олардың нитраттарын тексереміз. Өткен жылы жаз бойы 800 сынама алынып, 20-дан астамынан нитраттың мол мөлшері анықталған болатын. «Торпедо» қауынында 2-3 есе көп нитрат анықталған.

Биыл нитрат бойынша тексеру акциясын департамент өкілдері Павлодар қаласындағы «Рахмет» базарынан бастады.

- Бұл базардағы қарбыз бен қауындарда нитраттың мөлшері 2-3 есе көп болып шықты, - деді Гүлнәр Ақылбекова. – Норма бойынша қарбызда – 60 миллиграмм, қауында 90 миллиграммға дейін нитрат болу керек болса, бұндағы өнімдерде 200-ден басталып, 300 миллиграмнан асады. Нормаға сай келетін ешқандай өнім жоқ. Енді өнімдердің облыста таралмауы үшін шара қолданамыз. Бұлар еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген өнімдер. Жеткізілген көліктердің нөмірін жазып алдық. Оңтүстік әріптестерімізге хат жібереміз. Жергілікті әкімдікке, ауыл шаруашылығы басқармасына және полиция департаментіне шара қолдану жөнінде ескертеміз. Сондай-ақ көшелердегі сатылым орындарын да аралаймыз. Тұтынушылардан Омбы тас жолында, Саяжайда сатылып жатқанын білдік. Далада сатылған өнімдерде нитраттан басқа ауыр металлдар көбейеді. Ол да қауіпті.

Гүлнәр Ақылбекованың айтуынша, акциядан кейін департамент ресми тексеруді бастайды. Ресми тексеру нәтижесінде нитрат мөлшері мол екені анықталса, заңды және жекелей тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200-300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар, департамент өңір тұрғындарына әсіресе, ата-аналарға қазіргі кезде қарбыз бен қауынды тұтынуға болмайтынын ескертеді!

- Біздің міндетіміз халыққа бұл өнімдердің қауіпті екенін жеткізу, - деді бөлім басшысы. – Бақша дақылдары қазір өте қауіпті. Олар тамыз айында ғана піседі. Бүгінде дақылдар өткір уланумен қауіпті. Адамның қанша тұтынғанына байланысты. Нитарттар өзі қауіпті емес. Организмге енгенде нитритке айналады. Нәтижесінде бауыр, бүйрек зақымдалып, көру қабілеті нашарлайды. Қанмен айналып, барлық мүшеге зиян келуі мүмкін. Әсіресе, балаларға қауіпті. Ата-аналарға әлі ерте екенін айтқымыз келеді.

Айта кетейік, акция барысында базардағы бақша дақылдарының біразы облыс бойынша таралып кеткені белгілі болды. Сатушылардың қолында фитосанитарлық қызметтен сатылымға шығаруға болатыны жөнінде рұқсат қағазы бар. алайда, фитосанитарлық қызметте өнім құрамындағы нитрат мөлшері тексерілмейді. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Павлодар облыстық департаменті сатылымдағы өнімдерді жоюға нұсқау беретін болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, нитрат, бақша дақылдары, қауіпсіздік, денсаулық