Шараға Павлодар, Асқу, Екібастұз қалаларының және аудандардағы «Жасыл ел» штабының басшылары мен сарбаздары қатысты. Жазғы маусым жұмысына 2000 сарбаз жұмылдырылады. Олар қалалар мен ауыл-аймақтарды көгалдандырып, түрлі зерттеу жұмыстарына қатысады және құрылыс нысандарында еңбек етеді. 

Еңбек жасағының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов қатысып, сарбаздардың жұмысына сәт сапар тіледі.

- «Жасыл ел» жобасының тарихына көз жүгіртер болсақ, 2005 жылы алғашқы штаб Павлодар облысында құрылды, - деді Асхат Оралов. – І еңбек маусымының салтанатты ашылуы  осында бастау алған болатын.  Міне, содан бері 15 жыл қатарынан туған жерін абаттандыру мен көріктендіруге, ондағы құрылысқа, археологиялық-қазба жұмыстарын жүргізуге белсенді араласып келе жатқан жастардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.  Өткен жылдың нәтижесі бойынша Ертіс өңірінің «Жасыл ел» штабы республика көлемінде ең үздік атанды. Сол жеңісті биыл да қайталаймыз деген ойдамын және соған сай еңбек етуге шақырамын.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары «Жасыл ел» штабының бригадирлеріне «Жасыл елдің» куәліктерін табыс етті.

Облыстық «Жасыл ел» аппаратының басшысы Абай Уахиттің айтуынша, биыл С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жасыл елдің» бастамаларына ерекше көңіл бөлуде. Жуырда ПМУ колледжінде «Жасыл елдің» жеке штабы ашылған. Қазіргі таңда университеттің студенттері Баянауылда жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына және екінші Павлодарда салынып жатқан онкологиялық орталықтың құрылыс жұмысына қатысуда. Сонымен қатар, биыл Екібастұз қаласында бастау алатын «100 аула, 100 үй» жобасы аясында 220 сарбаз аулалар мен тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, абаттандырады.

Биыл Баянауыл ауданының Майқайың кентінде «Жасыл ел» еңбек отрядының алғашқы штабы ашылып отыр.

- «Жасыл елдің» облыстық штабы биыл Баянауыл ауданына 30 квота бөлген, - дейді Баянауыл аудандық штабының командирі, жастар орталығының инспекторы Мереке Төлеубаев. - Оның ішінде 10 адам бірінші рет Майқайың кентінде жұмыс жасайды. Олар жаңадан салынып жатқан бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысына атсалысады. Бұрын экологиялық жасақтар табиғатты тазалауға қатысса, биыл бізде тек қана құрылыс жұмыстары болады. 16 жасқа толған сарбаздардың еңбекақысы 31 700 теңгені құрайды. Жұмыс уақыты - алты сағат.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Дархан Өмірзақов

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Жасыл ел, жастар