Бұл туралы өңірдегі мәдениет ұйымдарының қатысуымен өткен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүзеге асу барысы жөніндегі жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов мәлім етті.

Оның айтуынша, 2 жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» аясында өңірімізде 2 мыңнан астам шара мен жобалар атқарылған.

- Жаңартылған жоспар бойынша 2019 жылы 150 жоба тіркелген. Енді біздің алдымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына халықтың барлық тобын тарту міндеті тұр, - деді Ернұр Дәуенов.

Басқарма басшысы аудандық және ауылдық деңгейде таратылатын жобалар жөнінде де айтып өтті.

- 11 сәуірде «Көрші» жобасы бастау алды, - деді Ернұр Дәуенов. – Оның мақсаты – көршілер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, аула тұрғындарының бос уақытын қызықты өткізуін қамтамасыз ету. Ал, «Қазақ әлемі» жобасы – ұлттық мәдениеттің жаңа үлгіде жандануына бағытталған. Біз қазақ ұлттық мәдениетінің белгілері әр отбасыда болуы керек деп есептейміз. Мысалы, әр отбасылық ірі мейрамдарда домбыра сыйлау дәстүрге айналуы тиіс. Оған қоса, біз халық арасында өздерінің қазақтың ұлттық белгілері мен оюлары бар киімі болу ғұрпын таратқымыз келеді.

Ернұр Дәуеновтың мәлімдеуінше, биыл өңірде кіндік аналық институтты жандандыратын және нығайтатын «Кіндік ана – кіндік бала» жобасын іске асыру жоспарланған.

- Тағы да бір бағыт – жастарды музыкалық асаптарда ойнауға үйрету. Мектептің әр түлегі тым болмаса бір аспапта ойнай білуі қажет. Бұл балалардың шығармашылық қабілетін дамытатын тиімді тәсіл, - деді ішкі саясат басқармасының басшысы.

Дулат Райымбек
Фото: Nur Otan партиясының облыстық филиалы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, дәстүр, домбыра сыйлау, Рухани