Жаздың басталуымен және егіс науқанының аяқталуымен тұспа-тұс келетін мейрамды «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ұйымдастырды.

- Ұмыт болған дәстүріміз бен осындай күндерді қайта жаңғыртуымыз керек, - дейді «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова. – Бұл мейрам Наурыз мерекесінің жалғасы - жаздың теңелу кезеңімен ерекшеленеді. Біз осымен екінші жыл өткізіп отырмыз және республикада тек біз ғана осы дәстүрді жалғастырып келеміз. Оны көбі ұмытып кеткен.

Биыл ұйымдастырушылар қымызды үлкен көлемде сақтауға және тасымалдауға арналған ат терісінен жасалған арнайы ыдыс - саба әзірледі.

Бақытжамал Максилованың айтуынша, бұрын Сабатой кезінде сабаға құйылған қымыз әр көшеге үлестірілген. Ұйымдастырушылар дәстүрді келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отыр.

Этноауыл аумағында павлодарлықтарға арналған концерт және халық шығармашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Мерекеге облыстың тоғыз ауданынан делегациялар келді. Олардың әрқайсысы өздерімен бірге киіз үйлер мен азық-түлік әкелді.

- Біз Ертістен 40 литр қымыз және 30 келі бауырсақ алып келдік. Мерекеге келгендердің барлығына тегін таратамыз. Мәдениет үйі мен ауыл әкімшілігінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар дайындаған. Сондай-ақ, кез келген адам киім-кешекті көріп, суретке түсіре алатын киіз үйді сыйға тартты, - дейді Ертіс ауданының зейнеткері Қадиша Малдыбаева.

Бұдан басқа, делегация тоқылған бұйымдар, қолмен жасалған жұмыстарын, тәтті тағамдар алып келді. Қадиша Малдыбаева мұның барлығын «Ата мұра» клубының зейнеткерлері дайындағанын айтады. Сабатой Павлодарда жүздеген қала тұрғындары мен қонақтарын жинады.

Томирис Бекжан

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам