2018 жылы Қара теңіз жағалауындағы Аджар аймағында шамамен 2 миллиондай шетелдік турист демалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 25 процентке артық. Биыл Батуми туристік Оскар атанған Уорлд Тревел Эуэрдс (Worid Travel Awards) жүлдесіне ие болды. Ал Аджар аймағы Еуропаның «Ең қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыты» номинациясын жеңіп алды. «Жаз осында басталады!» – деп айдар таққан Батуми қаласында туристік маусым ашылды.

Биыл Аджар республикасының астанасына табан тіреген қонақтар саны бойынша жаңа рекорд орнтауға ниетті. Торнике Рижвадзе, Аджар автономиялық республикасының басшысы: – Қала инфрақұрылымы туристердің қажеттеріне сай болуы тиіс. Қауіпсіздікке үлкен көңіл бөліп тұрмыз. Биыл төтенше жағдайлар бойынша қызмет мамандарына тағы 50 құтқарушыны қостық. Олар қайта дайындықтан өтті. Сондай-ақ қажетті құрал-жабдықты сатып алдық. Демалуға адамдардың көптеп келуін күтеміз. Аймағымызда туризмді дамытуға серпін беретін зор жоспарымыз бар. Аджария әрқашан әсем табиғаты мен дәстүрлі тағамдарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ жақсы жабдықталған демалыс орындары мен таза әрі қауіпсіз жағажайлары жетерлік.


Манучар Цулукидзе, құтқарушы:

– Құтқарушы болып жұмыс істегеніме 13 жыл болды. Кез келген ауа райында, тіпті дауыл соққан кезде де адам құтқарамын. Өткен маусымда шамамен 40 адамды судан шығарып алдым. Биыл Грузияның Қара теңіз жағалауында дрондарды қолдана бастады. Олар суға батып бара жатқан адамдарға құтқару белдеулерін тастайды. Ол үшін небәрі бірнеше секунд қажет. Биыл демалушылардың қауіпсіздігін 250 құтқарушы қамтамасыз етіп отыр. Алғаш рет олардың қатарына 20 қыз кірген.

pavlodarnews.kz

Тэги: