Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл «Естелік шырағы» жауынгерлік даңқ мұражайында жағылды. Шараның бұл жерде өтуінің өзіндік мәні бар. Сонау сұрапыл соғыс жылдары тура осы жерден 46 мың жерлесіміз Отан қорғауға аттанып, жартысы майдан даласыннан оралмады. Осыған орай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жанама соғыстар мен қақтығыстарға қатысушылар, қоғамдық ұйым өкілдері шара барысында монументте естелік шырақтарын жақты. Шараны ұйымдастыруға «Майдан жолы» жасағымен қатар Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен «ҚР Чернобыль Одағы» ЗТҚ, жанама соғыстар мен тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагерлер одағының өкілдері атсалысты.

– Маусымның 22-сі күні бүкіл ел соғысқа аттанып, оралмағандарды еске алатын аза күні. Олардың ерлігіне мәңгілік тағзым! Жерлестеріміз Отан үшін кеудесін оққа тосты. Бізді қуатқаны, бүгін осында жиналғандар арасында жастар, сол ерлердің ұрпақтарының қарасы мол. Олардың әрқайсысы сол сұрапыл соғыс тарихын жете түсінуі керек. Еуразиялық Топтың (ERG) халықаралық патриоттық «Батырлар жолымен – Дорогой славы» атты жобасының да миссиясы осы. Есіл ерлердің ерлігін есте сақтау, ұдайы жадымызда жаңғыртып тұру біздің жасақтың негізгі міндеті, – деді «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитов.

Сұрапыл соғыста қар жамылып, мұз жастана жүріп ел қорғаған, жат жерде жер жастанған, тылда жеңіс күнін жақындату үшін жанын салған ардагерлердің құрметіне жасақ «Опат болғандар» ескерткішін жаңғыртты. Жергілікті жұрт оны «Жалғыз сарбаз» ескерткіші атап кеткен.

– Ескерткіш көнеріп, көптен бері қараусыз жұтап тұрды,– деді Александр Шитов. – Биыл біз оны «Батырлар жолымен – Дорогой славы» жобасына енгізіп, сегіз метрлік монументті қайта қалпына келтірдік. Оның негізгі композициясын мемориалдық тақталармен толықтырдық. Жұмысты барынша тиянақты ұйымдастырып, стелла мен оның тұғырына арнайы тор салып, керамогранит тақтамен қаптадық. Нәтижесінде ескерткіш енді жыл сайын қайта қалпына келтіруді қажет етпейді. Мемориалдық тақталардың біріне осы қан майданда қаза тапқан павлодарлық жауынгерлердің есімдері ойылып жазылды. Енді біріне сол жылдардағы тарихи оқиғалар баяндалып, қысқаша анықтамалы ақпарат берілген. Дизайн авторы – «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшесі, әрі Г. Потанин атындағы өлкетану мұражайының қызметкері Георгий Пересветов.

«Майдан жолы» жасағының өкілдері жиналғандарға болашақ жоспарлары туралы айтып берді. Мәселен, жаз соңында жасақ тағы бір іздеу экспедициясына аттанбақ. Бұл жолы олар Ресейдің Ленинград облысының Киров ауданына өтетін халықаралық «Волховский фронт. Апраксин» әскери әрі тарихи экспедициясына қатысып қайтпақ. Оған Қырғызстан, Белорусь, Қазақстан, Молдова, Тәжікстан мен Өзбекстан, Эстониядан жалпы саны 500-ге тарта адам қатысуды жоспарлап отыр.

Жоба ТМД мен Балтық жағалауы елдеріндегі іздеушілер, тарихшылар мен зерттеуші-мұрағатшылардың күшін біріктіріп, бірегей ақпараттық кеңістік құруды көздейді. Соғыс жылдары із-түссіз кеткендердің тағдырын анықтауға бағытталған жаңа бастамалар мен тәжірибелерге қолдау көрсетіп, басқыншыларға қарсы күрескендер ерлігі барынша насихатталмақ.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Майдан жолы, ерлік, ескерткіш, Павлодар