Павлодар ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің мал шаруашылығы бойынша бас маманы Әсемгүл Искакованың айтуынша, «Жаңа қала» ЖШС 600 бас ірі қара малға, «Луганск» өндірістік кооперативі 600 бас сиырға арналған, «Ертіс» ЖШС 400 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салып жатыр.

- Биыл ауданымызда ірі жобалар қолға алынды, - деді Әсемгүл Искакова. – «Луганск» өндірістік кооперативі өз қаражатымен 320 миллион теңгелік жобаны іске асырмақ. Ал, «Ертіс» ЖШС «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы несие алып, 400 миллион теңгенің жобасын, «Жаңа қала» ЖШС «Ырыс» бағдарламасы аясында аграрлық несие корпорациясынан несие алып 1 миллиард 100 миллион теңгенің жобасын орындайды.

«Луганск» өндірістік кооперативі фермасының құрылысы – қазанда, «Ертіс» ЖШС мен «Жаңа қала» ЖШС фермаларының құрлысы – қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.

Бас маман шаруа қожалықтарда жаңа фермаларға арналған мал басы жеткілікті екенін атап өтті. Тек, «Ертіс» ЖШС қосымша мал басын сатып алмақ.

- «Ертіс» шаруа қожалығы Чехиядан «симментал» тұқымды 117 бас сиыр әкеле жатыр, - деді Әсемгүл Искакова. – Жалпы, «Луганскте» 7112 бас ірі-қара бар болса, оның 1564-ы сауынды сиыр. Ал, «Ертістегі» 2225 бас ірі-қараның 1239-ы сауынды сиыр. «Жаңа қалада» 1696 бас ірі қара бар. Оның 605-і сүтті бағыттағы сауынды сиыр.

Аталған шаруа қожалықтарының қазіргі уақытта да жұмыс жасап тұрған сүт-тауарлы фермалары бар. «Луганск» былтыр ғана 600 басқа арналған ферманы салған. «Жаңа қала» 2013 жылы, «Ертіс» 2014 жылы фермаларын салған.

- Шаруа қожалықтар салынып жатқан фермаларға заманауи технологияларды орнатпақ, - деді бас маман. – Бұрынғы технологиялары адамдардың көмегімен жұмыс жасайтын. Жаңадан салынатын фермалар толық автоматтандырылған құралдармен қамтылады.

Оразбек Саяхат
Фото: agroinfo.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, аудан, сүт фермасы, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, экономика