Түркістан облысы Арыс қаласының әскери қоймадағы жарылыс салдарынан эвакуацияланған тұрғындарына көмектесу үшін 2000-ға жуық полиция қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды.

- Біз алыс орналасқан Павлодарда болсақ та, осылай қолдау көрсеткіміз келеді, - деді ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Алмаз Жантеміров.

Еске салайық, кеше ҚР Қорғаныс министрлігінің 44859 әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында төтенше жағдай орын алды. 45 мың адам тұратын Арыстағы бірнеше жарылыстар мен одан кейінгі өрт салдарынан барлық адамдар көшірілді. Қала Шымкенттен 85 шақырым, Түркістаннан 168 шақырым қашықтықта орналасқан. Жарылыс толқыны мен жарықшақтардан жақын тұрған үйлердің әйнегі сынып, кейбір үйлер жарылыстан қатты зиян шеккен.

Қазіргі уақытта екі адам қаза болғаны белгілі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың 76-ы амбулаториялық емдеуге жіберілді. 89 науқас ауруханаға жатқызылды. Ауруханада 18 бала, 13 жүкті әйел, 5 жаңа босанған әйел жатыр. Тағы 15 адам жан сақтау бөлімінде.

Қазақстандықтар «АрысБізБіргеміз» акциясын бастап, әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, полицейлер, дәрігерлер, ҮЕҰ, партия мүшелері жарылыстардан зардап шеккен және баспанасыз қалған Арыс тұрғындары үшін бір күндік жалақыларын аударуда. Бұл үшін Арыс қаласында Түркістан облысының әкімдігіне қарасты «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры құрылды:

«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері:
Түркістан облысы Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,
Пошта индексі 161200
БСН (БИН) 100440016000
«ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы
ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540
БСК (БИК) IRTYKZKA

Сонымен қатар, Павлодар облысында гуманитарлық көмек қабылдау үшін штабтар ашылған. Олардың бірі «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында орналасқан. Мекенжайы: Кривенко көшесі, 25 А үйі. Екінші штаб – 1 мамыр көшесі,35/1 үйі мекенжайында Достық үйінің ғимаратындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы.

- Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысының Арыс қаласында болған апатты оқиға кезінде эвакуацияланған тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қабылдау пунктін ұйымдастырды, - дейді финн-угор этномәдени бірлестігінің басшысы Ольга Николашина. – Кез келген көмек қабылданады. Әрқайсы 4-5 қаптамадағы консервіленген сиыр еті (сиыр еті немесе жылқы еті) және 4-5 қапшық жарма немесе макарон әкелу ұсынылды.

Видео: Павлодар облысының ПД

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Арыс, апат, жарылыс, көмек, ПД