Ertis ФК баспасөз қызметшісі Дархан Бекіш клубқа бұрынғы ойыншы Милош Стаменкович қайтып келгенін айтты.

- Стаменкович біздің команда сапында алғашқы рет 2017 жылғы маусымда, Еуропа Лигасы іріктеу кезеңінің «Дунав» (Болгария) ФК қарсы ойынында шығып, 60-минутта Исмаэль Фофананы алмастырған еді, - деді Дархан Бекіш. – Жалпы осы уақытқа дейін павлодарлық құрама намысын қорғап 39 матч өткізіп, 4 гол соққан. Биылғы маусымда 29 жастағы орталық қорғаушы бельгиялық «Сент-Жилуаз» клубында өнер көрсетіп, екінші санаттағы ел біріншілігінде 3 орынға ие болып үлгерді.

Сонымен қатар, биылғы маусымда павлодарлық клубпен 5 ойыншы еңбек келісімшартын үзді.

Мамыр айында 2019 жылғы маусымда клуб сапында 7 матч өткізіп, 1 гол салған жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев пен Премьер-Лигада 4 ойын өткізген қорғаушы Станислав Лунинмен қош айтысты. Қорғаушы кубоктағы 1 ойында гол салып, нәтижелі пас берген.

Маусым айында Ertis үшін 9 ойын ойнап, бірде-бір гол сала алмаған шабуылшы Момоду Сиссей клубпен екі жақты келісімшартты үзді.

Сондай-ақ павлодарлық команда құрамында 3 ойыннан өткізген қорғаушы Бауыржан Тәңірберген мен жартылай қорғаушы Ойбек Балтабаев та кетті.

Еске салайық, соңғы уақыттарда клуб басшылығы сапында да өзгерістер орын алған болатын.

57 жастағы Серік Умарханов Ertis ФК директоры, 48 жастағы Эдуард Глазунов клубтың спорт директоры болып тағайындалған.

Оразбек Саяхат
Фото: Ertis ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis", ФК, футбол, спорт