Бұл туралы «Қазақстан алюминийі» АҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодар алюминий зауытының санитарлық қорғау аймағы шекарасында ауа атмосферасындағы ластаушы заттардың шоғыры нормадан айтарлықтай төмен.

OPSIS экологиялық мониторинг станциясының жұмысы мұны анық көрсетті. Ауадағы газдардың 6 түрінің мөлшерін автоматты түрде айқындап, экологиялық жағдайға мониторинг жүргізетін станциясы осыдан жарты жыл бұрын орнатылған болатын. Қазіргі таңда ол жергілікті метеожағдайларға әбден үйреніскен.

– Жабдық тестілік тәртіпте жұмыс істеп тұрғанда, біз экологиялық мониторинг тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн тоқтаусыз жүріп жатқанына көз жеткізіп отыруды міндет еттік. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың түйіндемесіне сәйкес, кәсіпорынға бекітілген ластаушы заттардың шекті мөлшерлері бойынша өлшемдер алынды. Оның үстіне станция көмірсутегі мөлшерін де айқын көрсетіп тұрады. Әрі метеорологиялық параметрлер де тіркеді,- деді «Қазақстан алюминийі» АҚ қоршаған ортаны қорғау департаментінің бастығы Ринат Сырлыбаев. – Бар мәлімет Швециядағы OPSIS компаниясының серверіне онлайн режимінде жолданады. Яғни біз бұл процеске қатыспаймыз.

Бұл мәліметтерді Павлолдар алюминий зауытының мамандары да онлайн режимінде алып, ондағы параметрлер өзгерген жағдайда шұғыл әрекет етулеріне болады.

– Экологиялық мониторинг станциясы іске қосылғаннан бері кәсіпорынға 3 мәрте қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы хабарлама жолданды. Тіпті жел қала жақтан соққанда да, өлшем алынды. Алайда, шығарындылардың шекті рұқсат етілген шоғыр мөлшерінен асқан емес,- деді Ринат Сырлыбаев.

Қазіргі таңда Павлодар алюминий зауытының мамандары осы мәліметтер мен өлшемдердің көрсеткішін қоғам назарына барынша жария етудің амалдарын қарастырып жатыр.

Айта кетейік, жаңа станция ауаға табысты мониторинг жасауға қажетті заманауи техника талаптарына сай жабдықталған. Ол 2018 жылдың ақпанында «Қазақстан алюминийі» АҚ мен Павлодар облысы әкімдігінің арасында жасалған қоршаған ортаны қорғау мәселелеріндегі өзара әріптестік туралы меморандум аясында орнатылды.

«Қазақстан алюминийі» АҚ-ның қоршаған ортаны қорғау шаралары бұл станциямен шектелмейді. Павлодлар алюминий зауытындағы күйе жентектеу цехында сүзгілерді ауыстыруға дайындық басталды. Бұл бастама Еуразиялық Топтың ауа атмосферасына шығаратын қалдықтарын азайтуға бағытталған жаңа стратегиясы аясында қолға алынған. Ол ERG кәсіпорындарындағы қатты заттар қалдықтарын айтарлықтай азайтып, Еуропа Одағы елдерінде қабылданған ауа сапасы стандарттарының сақталуына сеп болмақ. Стратегияны жүзеге асыруға Топ 200 млн еуродан астам қаражат жұмсауды көздеп отыр. Газ тазартудың озық технологияларын енгізу қалдықтары құрамындағы қатты заттарды ұстап қалуға, әрі кәсіпорындардың жалпы энерготиімділігін арттыруға да сеп болады.

Фото: Кристина Кохно

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, зауыт, атмосфера, экология