Аталған жобамен бірге өзге де өндірістік бастамалар облыс әкімі Болат Бақауов бастаған өңірлік кәсіпкерлікті қолдаудың үйлестіру кеңесінің отырысында жан-жақты талқыланды. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов кеңес мүшелерінің назарына жалпы құны 93 миллиард теңгелік сегіз жобаны ұсынды.

Олардың ішіндегі ең ірісі 77,3 миллиард теңгелік «Павлодар-Сода» ЖШС жобасы. Бизнес-жобаға сәйкес, кальций қосылған сода өндіру жоспарлануда. Зауыттың толығымен іске қосылуы үшін ауа электр тасымалы, байланыс және су құбырларын салу қажет.

- Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде өндірілетін жылдық өнім көлемі 200 мың тоннаға жетеді, - деді Жайық Хасанов. – Сондай-ақ 419 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып, құрылыс кезінде қосымша 900 жұмыс орны ашылады. Салықтық түсімдер 400 миллион теңгеге жетеді. Қазіргі кезде жобаның барлық құжаттамасы әзір.

Облыс әкімі Болат Бақауов аталмыш жобаға қолдауын білдіріп, бірінші кезекте, оның барлық экологиялық стандарттарға сай салынуына назараударды.

- Кальций қосылған сода зауыты бізге қажет. Алайда ол барлық экологиялық нормаларға сай салынуы керек. Біз қазірде Ресейден жылына 220 мың тонна кальций қосылған сода импорттаймыз. Барлық шикізатқа ие болып отырып, импорттың орнын толтыру мәселесін шешуіміз қажет, - деді Болат Бақауов.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Болат Бақауов, кәсіпкерлік, «Павлодар-Сода» ЖШС, инвестиция