Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында ҚР АШМ АӨК МИК Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Шүйкенов мәлім етті.

- Өңірімізде фитосанитарлық қауіпсіздікті сақтау және зиянды организмдер кесірінен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жойылуының алдын алу мақсатында өсімдік қорғау инспекциясымен фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық шаралардың өткізілуіне бақылау жүргізіледі, - деді Арман Шүйкенов. – 2019 жылдың 26 маусымындағы жағдай бойынша 2019 жылы егілетін ауыл шаруашылық дақылдары тұқымдарын дәрілеу 51 мың тонна көлемінде өткізілді. Ресурс үнемдеуші технологиялар арқылы егіс алдында жаппай әрекетті гербицидтер 84,82 мың га алқапта қолданылды.

Арман Шүйкеновтың айтуынша, қауіпті саналатын саяқ шегірткелерге қарсы шараларға облыстық бюджеттен 25 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал, үйірлі шегірткелерді (итальяндық прус) улау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

- Саяқ шегірткелер дернәсілдері бойынша 112 мың 500 гектар зерттелді, - деді Арман Шүйкенов. – Зиянкестер 107 мың 580 гектарға қоныстанған болып шықты. Оларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мемлекеттік қор жерлерінде 13,356 мың гектар алқапта өткізілді. Ал, үйірлі шегірткелер дернәсілдері бойынша мониторингтік зерттеу жұмыстарын өткізу 722,9 мың гектар алқапта жоспарланған. Қазіргі кезде 300 мың гектар зерттеліп, 47830 гектарға қоныстанғаны белгілі болды. 7 жарым мың гектар жер өңделді.

Сонымен қатар, биыл жылдың жазғы кезеңінде арам шөптерге қарсы химиялық отау жұмыстары ауыл шаруашылық субъектілері күшімен 345 мың га алқапта, колорадо қоңызына қарсы химиялық іс-шараларды бюджет есебінен 65 га алқапта, дәнді дақылдар ауруларына қарсы (септориоз, тат) химиялық іс-шаралар 28 мың га алқапта, дәнді дақылдардың аса қауіпті зиянды объектісі – астықтың сұр көбелегіне қарсы химиялық жұмыстар 5,947 мың га алқапта бюджет есебінен жүргізу, бидай бітесіне қарсы химиялық жұмыстар 800 га алқапта жасау жоспарланған.

Сондай-ақ шара спикері шаруа қожалықтары өз алқаптарындағы шараларды өздерінің есебінен атқаратынын атап өтті.

- Инспекция тарапынан алқаптардағы шаралар мемлекеттің есебінен жасалады, - деді Арман Шүйкенов. – Егер алқабынан зиянкестер мен егіске зардап келтіретін жағдайлар анықталып, оған тиісті шара қолданбаған болса, шаруа қожалығының басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.

Арман Шүйкенов қазіргі уақытта облыс аумағында зиякестерден келетін қауіп жоқ екенін айтты.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, алқап, зиянкес, өңдеу, инспекция