Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Железин ауданы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне ұялы телефон ұрлығы туралы хабарлама келіп түскен, - деді баспасөз қызметінде. – Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Болған жағдайды анықтау кезінде екі ер азамат досының үйінде қонақта болған. Үй иесінің ұйқыға кеткенін пайдаланған екі қонақтың бірі үстел үстінен бағалы гаджетті жымқырып, оқиға орнынан жасырынады. Полицейлер қызметтік иттің көмегімен ұрының ізіне түсіп шығып кеткен жолын анықтады.

«Прайм» есімді қызметтік-іздестіру иті сенімді түрде ұрының ізін алып кинологты Мира көшесі бойындағы үйлердің біріне әкеледі.

- Нәтижесінде күдікті ұрлаған телефонды иттің үйшігі ішіне жасырып қойған болып шықты. «Прайм» көмегімен полицейлер ізін суытпай 1987 жылы туған ресми түрде жұмыс істемейтін тұлғаны ұстады, - деді департаментте.

Айта кетейік, тәртіп сақшысының бұл төрт аяқты көмекшісі полицияда ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап қызмет етеді. Ол адамның мүмкіншілігінен асып түсетін биологиялық қасиеттерге ие. Дәлірек айтқанда есту қабілеті, өткір көзі, жылдамдық пен сенімділік сияқты қасиеттері басым. Сонымен қатар, ізге түсу сияқты жұмыстар даярлығынан өткен.

«Прайм» алғашқы ашқан қылмысы үшін мерекелік аспен марапатталды.

pavlodarnews.kz

Тэги: