- Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін әр түлектің негізгі мақсаты жұмысқа орналасу екені белгілі, - дейді ол. - Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетін аяқтап, қолыма қызыл дипломымды алғаннан кейін жұмыс таңдауда қиналмадым. Қолыма қызыл дипломым тие сала Павлодарға келдім. Түйіндемемді білім беру басқармасына өткізіп, басқармадағы жауапкершілігі аса мол баспасөз хатшысы қызметіне орналастым.  

Жас маман Шымкентте студент болып жүрген кезінде жергілікті газеттерде  журналист болып жұмыс та істеп,  тәжірибе жинағанын жасырмайды. Сондықтан баспасөз хатшысы жұмысының жүгі жеңіл емес екенін жақсы түсінеді.

2015 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде академиялық ұтқырлық бойынша білім алған кезде Павлодар облысында қалып, еңбек етуге  туралы ой келген.  Осылайша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Ертіс өңіріне тұрақтап қалуға бел байлайды. Бұған қоса, мемлекеттік бағдарлама аясында пәтерақысын төлеуге қаржылай қолдауға ие болған.

Мектептің хал-ахуалын біліп тұру мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында қосымша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

-  Павлодарға ең алғаш келген күндерім әлі есімде, - дейді Бақдәулет. - Пәтер таба алмай қиналғаным да рас. Бірақ қазір жағдайым жақсы. Павлодар менің сүйікті қалама айналды. Өзімнің достарымды да осында шақырдым. Қазір олардың  біразы осы өңірде қызмет жасап жатыр. Өңіріміздің білім беру саласында біз соңғы жаңалықтарды жариялап тұру мақсатында басқарманың инстаграм, фейсбук ресми парақшаларымызға күн сайын ақпараттар салып тұрамыз. Тұрғындардың сұрақтарына жауап береміз. B-life youtoobe каналымыз да жұмыс жасайды. Басты мақсатымыз – ашықтық. Мен алғаш жұмысқа келгенде ешкімді танымағаным рас. Бірақ қазір барлық журналистермен тығыз жұмыс жасауға тырысамын.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам