Облыс әкімі Болат Бақауов бастаған 300-ге жуық қатысушы Назарбаев даңғылымен 5 шақырымды жаяу, 16 шақырымды велосипедпен жүріп өтті.

-    Қашықтықты бағындыру қиындық тудырмады, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Күн ашық, ауа райы өте қолайлы болып тұр. Өңіріміздегі жастар елордамыздың 21 жылдығына орай дуатлоннан 21 шақырымды жүріп өту бастамасын көтерген болатын. Қатысушылардың барлығы қашықтықты бағындырды деген ойдаймын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!



Дуатлон жарысында қатысушылар Назарбаев даңғылы бойымен Торайғыров көшесімен қиылыстан бастап, Жаяу Мұса көшесіне дейін 5 шақырымды жаяу жүгіріп өтті. Әрі қарай велоспиедке отырып, әуежайға жетпей кері бұрылды. Жарыстың мәресі Мемлекеттік рәміздер алаңының тұсына сызылды.



Облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарманың мәлімдеуінше, сайысқа 18-ден асқан кез келген адам қатысуға мүмкіндік алған. Шараға жұмылдырылған еріктілер Жая Мұса көшесінің қиылысында қатысушыларға велосипедті дайындап тұрған.



-    Ашық чемпионат жайлы әлеуметтік желіден хабар алдым, - дейді қатысушы, Павлодар қаласы құтқарушылар қызметінің бас құтқарушысы Игорь Кулишов. – Бұрындары жеңіл атлетикамен әуесқой түрде айналысқанмын. Жалпы қаламыздағы осындай жарыстарға жиі қатысып тұрамын. Төтенше жағдай қызметі саласында жұмыс жасайтындықтан өзімді бір қалыпта ұстау керекпін. Бүгінгі жарыста жол жақсы болды. Велосипедтеріміз дайын тұрды. Құтқарушылар да бар. Ұйымдастырушылық жоғары деңгейде болды.



Жаяу және вело жарыстың нәтижесі бойынша ерлер арасында 47:22:13 уақыт көрсеткішімен Руслан Шакратов 3-орын еншілесе, 2-орын 46:43:10 уақытпен Денис Забиякаға бұйырды. 1-орынды Павлодар бизнес колледжінің 1-курс студенті Қисса Тусупбаев 44:12:85 уақыт көрсеткішімен жеңіп алды.



Әйелдер арасында 57 минут 32 секунд уақытта мәре сызығын кескен Хадишат Цечова 3-орынға табан тіресе, 2-орынға 53:19 уақыт көрсеткішімен Татьяна Мирогородская қол жеткізді. 52:56 уақыт көрсеткен Ирина Быкова 1-орын иегері атанды.

Үздіктерге «Спорт Мастер» дүкені өз сыйлықтарын ұсынды. Сондай-ақ қатысушылар мен жүлдегерлер естелік медальдермен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Оразбек Саяхат
Фото: Владимир Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, дуатлон, жарыс, Астана күні, спорт