«Даяна» жеке кәсіпкерлігі балаларды дамытуға арналған жиһаздарды шығарумен айналыспақ. Жоба комиссия бақылауынан өтіп, 3 млн теңгелік мемлекеттік грантқа ие болды. Жобаның құрастырушысы Динара Мұсаханова үстелдің 2-9 жас аралығындағы балаларға арналып жасалатынын атап өтті.

- Үстеліміз жарықтандырылған құм үстелі болады, - деді Динара Мұсаханова. – Үстелде ойнауға, тамақ ішуге, сабақ орындауға болады. Бұндай үстелдер қазіргі уақытта өте қажет. Балалар құммен ойнау арқылы өз қиялдарын дамытады. Құмның беті шынымен жабылып, сабақ орындауға мүмкіндік туады. Жалпы, 9 жастан үлкен балалар да сабақ орындау мақсатында қолдана алады. Түрлі бағытта қолдануға болатын үстеліміздің орындығын да бірге жасаймыз.

Әмбебап үстел жасау жобасы отбасы болып жүзеге асырғалы отырған кәсіп. Бұл іске Динараның жұбайы мен әкесі де жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлер өз қаражаттарына ұсақ қажетті құралдарды сатып алған. Ал, берілген 3 млн теңге грантқа ағаш кесу және вакуумдау құрылғысын алмақ.

- Әзірге бұндай үстелді бізге жақын Ресейде ғана жасайды, - деді Динара Мұсаханова. – Сондықтан бәсекелестерден келер қауіп аз. Қиындық тудыратыны қажетті заттарды облыс орталығынан келіп алып отыру керек. Сол себепті, оған уақыт жоғалтамыз. Бір жақсысы өзіміздің жүк көлігіміз бар. Тапсырыс берушілердің үстелдерін де облыс орталығына әкеліп салып жіберу қажет болады.

Бір үстелдің бағасы шамамен 30 мың теңгені құрайтын болады. Кәсіпкерлер жоба аясында 4 адамды жұмыспен қамтымақ. Оның ішінде мүгедек жандарды да жұмыспен қамту көзделген.

- Үстелдің үлгісін интернеттен көрдім, - дейді кәсіпкер. – Оны әрі қарай жетілдірдім. Алғашқы кезеңде 5 үстел жасап шығуды жоспарлап отырмыз. Тапсырыс берушілеріміз де бар. Үстелдерді балабақшаларға апарып көрсеткім келеді. Шеберхана болатын орынды таңдап қойдық.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кәсіпкерлік, мемлекеттік грант, экономика