Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- 4 шілде күні Швейцарияның Лозанна қаласында жеңіл атлетикадан «Гауһар лига» кезеңі басталады, - деді баспасөз қызметінде. – Аталған сынға Қазақстан атынан қатысатын Ұлттық құрама мүшесі Ольга Сафронова 100 метрге жүгіруден жарыс жолына шығады.

Жарыс 5 шілде күні аяқталады.

Айта кетейік, «Гауһар лига» – біренеше бір күндік кезеңнен тұратын жеңіл атлетикадан коммерциялық жарыс. Бәсекені халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының ассоциациясы ұйымдастырады. Лига жеңімпазы қомақты қаржылай сыйақыға ие болады.

«Гауһар лигасының» 2019 жылғы маусымы 3 мамыр күні Дохада басталды. Турнир 31 тамыз күні Брюссельде мәресіне жетеді.

Еске салайық, Павлодарлық жеңіл атлетші Ольга Сафронова мамыр айында халықаралық додалардағы жетістігі үшін «Қазақстандағы мамыр айының үздік спортшысы» болып таңдалған. Жеңіл атлетші маусым айында да халықаралық турнирлерде жеңіске жетуін жалғастырды. Чунцинде өткен Asian Grand Prix Series бірінші кезеңінде Сафронова 100 метрге жүгіруден алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, 100 метрге жүгірген эстафеталық команда құрамында үшінші болды. Аталған турнирдің екінші кезеңінде 100 метрге жүгіруден бірінші, 100 метрлік эстафетада команда сапында екінші орын иегері атанды.

Оразбек Саяхат

Фото: olympic.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ольга Сафронова, жеңіл атлетика, спорт