Павлодар қаласының орталық стадионында өткен кездесуде «Ertis» командасы қос жаңа ойыншысын алғашқы минуттан алаңға шығарды. Андрей Пасеченко қақпаны күзетсе, Деян Георгиевич шабуыл шебіне жауап берді. Тағы бір жаңа ойыншы Сұлтан Сағнаев 82-минутта ойынға қосылды.

Жуырда ғана тізгінді алған бапкері мен құрамында жаңа тыныс берген ойыншылары бар павлодарлық команда төреші ысқырығы естілгеннен жеңіске ұмтылысын көрсетті. Дегенмен, жасалған шабуылдар нәтижесіз қалып, бірінші таймда есеп ашылмады.

Есеп екінші таймның басында ашылды. 49-минутта айып алаңына асырылған пасты Урош Витас баспен қақпаға бағыттап, дәл тоғытты.

Көкшетаулық қонақтар да қарап қалмады. Көп уақыт өткізбей 51-минутта Жасұлан Молдақараев есепті теңестірді.

73-минутта Урош Витас алдыңғы әдісіне салып, көтерілген допты қақпаға енгізді. Осылайша «Ertis» қорғаушысы туған күнінде өз-өзіне және командаға сыйлық жасады.

«Ertis» ФК бас бапкері Милан Миланович команда ойынына разы екенін айтты.

-    Бұндай ойын болады деп күткен жоқпын, - дейді бас бапкер. – Қиын болды. Қарсыластың шабуылдары мықты өрбіді. Біз де қарап қалмадық. Бірінші таймда бірнеше шабуыл жасадық. Екінші таймда тіптен жақсы шабуылдадық. Доп жақсы жүрді. Лайықты жеңіс болды. Есеп ашу ауыр тиді. Одан кейін бірден гол жіберіп алып, баланың қателігін жасадық. Алайда, команда аяғына дейін тырысты. Ойыншыларға ризамын. Қазіргі кезде командаға әр ойынды бүгінгі екінші таймдағыдай ойнау керек. Өйткені кестедегі жағдайымыз солай болып тұр. Жаңа ойыншыларды бірден алаңға шығарғаннан басқа амал болмады.

Айта кетейік, маусымда 18 ойын өткізген «Ertis» ФК 5-ші жеңісіне қол жеткізді. 17 ұпай жинаған павлодарлықтар турнир кестесінің 9-орынында.

Оразбек Саяхат
Фото: «Ertis» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis" ФК, футбол, спорт