Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жастар саясаты департаментінің басшысы Ғабит Хафиз бұл жетістіктерін Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне арнайтындықтарын атап өтті.

-    Ақбет тауының шыңы Ертіс-Баян өңірінің ең биік нүктелерінің бірі саналады, - деді Ғабит Хафиз. – Оның теңіз деңгейінен биіктігі 1023 метрді құрайды. Шың басына дейінгі соқпақ жолдың ұзындығы 5 шақырымнан асады. Биіктікті бағындыруға университетіміздің жастары таңғы самалмен сағат 4:10-да аттандық.

Университеттің жастарынан құралған 14 адам Ақбет шыңына 1 сағат 50 минутта жеткен. Биік нүктеге тау жолымен жоғары көтеріліп және қайта төмен түсу үшін 3 сағат 30 минут жұмсаған.



-    Бұл шыңды бағындыруға шыққан жастар – еліміздің түрлі өңірінен келген университетіміздің қызметкерлері, - дейді Ғабит Хафиз. – Арасында Ертіс өңірінің кереметтерімен таныспағандары бар. Сондықтан Ертіс-Баянның көркем жерлерін көрсету және өзгелерге де таныстыру мақсатында елорда күніне орай шыңды бағындыруға бел байладық. Әрі ішкі туризмді дамытуға, салауатты өмір салтын ұстануға ат салысамыз.

Жастар департаменті басшысының айтуынша, тау шыңын бағындыру барысында ешкім жарақат алған жоқ.



Оразбек Саяхат
Фото: ПМПУ жастар саясаты департаменті

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Баянауыл, ПМПУ, жастар, Ақбет