Айнұр Сапабекованың айтуынша, орталыққа күн сайын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін 1-10 жас аралығындағы балалар ата-аналарымен келіп, демала алады. Қолдардың ұсақ моторикаларын, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауды дамытуға, белсенді іс-әрекетке баулу мақсатында құм терапиясы, монтессори әдістемесі қолданылады.

 - Балғындар түрлі шығармашылық үйірмелеріне қатысады. Құммен сурет салу өнеріне машықтанады. Сондай-ақ, физикалық тұрғыдан шыңдалуы үшін жағдай жасалған. Бұл орталықты отбасылық қаражатқа аштық. Түрлі ойыншықтармен және құрал-жабдықтармен жабдықтау үшін 7 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсадық, - дейді көп балалы ана.

 Жазғы уақытта орталық балалардың көңіл көтеретін орны болса, оқу жылы басталғаннан кейін мектепке дейінгі, ағылшын тілі, математика сабақтары бойынша дайындық өтеді. Алдағы уақытта ерекше қажеттілікті талап ететін балалармен жұмысты қолға алу көзделіп отыр.

 - Өзім төрт бала тәрбиелеп отырмын. Үлкені тоғыз жаста болса, кішісі - алты айлық. Аудан ішінде балалардың уақытын тиімді өткізіп, түрлі үйірмелерге бергісі келетін ата-аналардың саны артып келеді. Осы ойымның жүзеге асуына балаларымның әжесі мен әкесі Нұрбол қолдау танытты, - дейді орталықтың жетекшісі Айнұр Сапабекова.

Бейнелеу өнері мен сызу, аудит және есеп мамандығы бойынша білім алған көп балалы ана болашақта отбасылық істі одан әрі кеңейтуді  жоспарлауда. Қазіргі таңда мұнда балаларға екі жас маман тәлім-тәрбие береді. Оқу жылы басталған кезде білікті педагогтар қосымша жұмыс істейтін болады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Баянауыл ауданының ішкі саясат бөлімі

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім